Қаламгер, ғалым, баспагер, ұстаз Тұрлыбек Ілиясұлы 70 жаста

Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұжымы биылғы оқу жылының қорытындысы ретінде және көрнекті жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баспагер-ғалым, доцент Тұрлыбек Ілиясұлы Мәмесейіттің 70 жылдық мерейтойының құрметіне «Заман және қаламгер: әдебиет пен журналистиканың жаңа міндеттері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастырып, өткізді.

Университеттің бас ғимаратында өткен конференцияны кіріспе сөз сөйлеп ашқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, академик  Е. Б. Сыдықов мерейтой иесін құттықтап, жылы лебізін білдірді.  

Одан кейін сөз алған қалалық әкімдіктің Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Т.Қышқашбаев,  әдебиеттанушы ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Сейіт Қасқабасов,  Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының директоры Ә.Асқаров,  мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары ақын Н.Айтұлы мен жазушы Ә.Сарай, «Нұр-Отан»  партиясының өкілі А.Кеңшілік, Жазушылар одағының елордадағы филиалының төрағасы Д.Кәпұлы, танымал журналист-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Омашев,  филология ғылымдрының докторы, профессор Т.Жұртбай, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ы Басқарма төрағасының орынбасары Е.Кәмен, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Сақ  және тағы басқалар абыз ақсақал жасына жеткен Тұракеңнің өмірдегі, шығармашылықтағы және қызметтегі жетістіктері жайлы баяндап, сыйлас, сырлас-құрдастары бірге өткен жастық шақтары туралы естеліктерімен бөлісті.

Университеттің Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Т.Рақымжан, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің профессоры М.Көпбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Т.Дәуітұлы, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры С.Тапанова, жазушы Ш.Бейсенова және тағы басқа да ғалымдар Т.Мәмесейіттің шығармашылығы жайлы және жалпы қазақ әдебиетіндегі, баспасөздегі және баспа ісіндегі өзекті мәселелер хақында баяндамалар жасады.  

Конференция барысында бұған дейін де жиырмаға тарта кітабы жарық көрген Тұрлыбек Ілиясұлының «Хан Тәңірі хикаялары» және «Хан Тәңірінен қанат қаққан» атты жинақтарының тұсауы кесіліп, оқырмандарына жол тартты.  

Әріптесіміз Тұрлыбек Ілиясұлы Мәмесейіт ағаны мерейлі мерекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыс, еңбекте жеміс тілейміз!

 

М.Ештанаева