«Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының жеңімпаздары марапатталды

 2 ай бойы жалғасқан «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты бейне роликтердің халықаралық байқауының жеңімпаздарын марапаттау өтті.
Салтанатты рәсім онлайн режимінде ZOOM платформасында жүргізілді. Марапаттау рәсімін Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, белгілі айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы басқарып жүргізді.
Онлайн конференцияға тіркелген отандық, шетелдік университеттердің студенттері мен магистранттарын, профессорлары мен оқытушыларын құттықтаған Журналистика және саясаттану факультетінің деканы                                                    Қайрат Өмірбайұлы Сақ алғаш ұйымдастырылып отырған халықаралық байқаудың мазмұндық және ұйымдастырушылық ерекшеліктерін айтты.

Байқаудың барлық кезеңдері онлайн форматта өткеніне қарамастан, халықаралық шараның идеясында жазылған құндылықтардың дұрыстығы дәлелденіп, мақсаттардың барлығына қол жеткендігін атап өтті.
Онлайн жиында сөйлеген халықаралық байқау идеясының авторы профессор Ұлбосын Есенбекова қазіргі қиындықтарға қарамастан студенттер мен магистранттардың жасампаз энергиясы, шығармашылық қуаты «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауында барынша көрінгенін  жеткізді.


Байқауға қатысқан студенттердің, магистранттардың теориялық және практикалық қабілеттері осындай шығармашылық ортада барынша шыңдалатынын, отандық және шетелдік университеттердің арасындағы осындай байланыстардың тиімді екенін Журналистика және саясаттану факультеті деканының орынбасары Гүлжаухар Жамбылқызы Болатова ерекше атап өтті. Халықаралық байқауға жақсы қолдау көрсеткен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ректоры Ерлан Сыдықов «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При, 1-ші дәрежелі, 2-ші дәрежелі және 3-ші дәрежелі дипломдармен марапатталған жұмыстарға ақшалай сыйлықтар тағайындады. Қосымша 13 номинация бойынша да жеңімпаздар таңдалды. Осының бәрі байқаудың халықаралық мәртебесін айғақтайтын жақсы сипаттар болды. 

Салтанатты марапаттау рәсімінде Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған елдік мұраттар, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған студенттік, магистранттық жұмыстардың ең үздіктері жарияланды. Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, Байқау Комиссиясының төрағасы Қайрат Сақ «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При жүлдесі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Л.Ешназарова, Б.Әшім және Ы.Сағадинованың «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!» атты бірлескен жұмыстарына берілгенін жариялады.
Қазақ ұлттық университетінің студенттері Ш.Нұрбай, Н.Кеңесбай, Б.Құрманәлі мен Г.Мадиярдың «Білімді жастар – ел болашағы» атты топтық жұмыстары танылып, оларға 1-ші дәрежелі диплом берілді.

2-ші дәрежелі диплом 2 жұмысқа тағайындалды. Біріншісі, «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты бейне роликтің авторлары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Ж.Рахым мен А.Мұратқызы. Жүсіп Баласағұни атындағы Қырғыз Ұлттық Университетінен ұсынылған С.Имаммадыеваның «ВИК: едины силой, едины духом» атты жұмысы да 2-ші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Байқаудың 3-ші дәрежелі дипломдарымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушылары дайындаған  «Абайды таны, жас ұрпақ!» (авторы Әшім Б.) және «Ынтымақ пен бірлік іргелі істерге жетелейді» атты (авторлары Орымбай А., Әбсағат А.) екі жұмыс және академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ студенттері ұсынған Абайдың 175 жылдығына арналған бейне ролик  (авторлары Қайназарова Г., Танабаев Е., Қатпышова Д.) жеңімпаз деп танылды.
Байқауға қатысқан үміткерлерге арнайы тағайындалған Үздік идея, Үздік режиссура, Үздік операторлық жұмыс, Үздік монтаж, Күлтегін, Абай, Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Марат Барманқұлов, Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Мырзатай Серғалиев, Бейсен Құранбек атындағы номинациялардың да жеңімпаздары аталды. Осылайша, ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған «Біріккен Ұлт жеңеді!» байқауы халықаралық деңгейде тарихи тұлғаларымыз бен бүгінгі дәуірдің қайраткер азаматтарының еңбектерінің ұмытылмайтынын көрсетіп берді.

Халықаралық байқау идеясының авторы профессор Ұ.Есенбекова болашақта «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының ауқымы мен мазмұнының кеңейетінін айтты. Байқауды өткізуді дәстүрлі арнаға көтеру қажеттігін ұйымдастырушылар да, конкурсқа қатысушылар да бірауыздан қолдады


Гүлжаухар Болатова,
Журналистика және саясаттану факультеті
деканының орынбасары