"Егемен Қазақстан" газеті жылнамасында айшықты күн

2019 жылдың 19 маусымда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен байтақ еліміздің бас басылымы - "Егемен Қазақстан" газеті жылнамасында айшықты күн болып жазылатынына еш күмəніміз жоқ. Өйткені дəл осы күні абыройы асқақ қос ұжымның бірлесе ұйымдастырған шарасы өз межесіне жетті. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы саналатын басылымның 100 жылдық мерейтойымен ұштастырыла ұйымдастырылған Еуразия кеңістігінде беделі биік университеттің Ашық ректораты қатысушылардың көңіл төрінен орын алғаны соның айқын айғағы. Шара барысында білім ордамыздың басшысы, академик Ерлан Бəтташұлының атынан газет ұжымына кəдесый жасалынса, өз кезегінде басылым басқармасының төрағасы Дарқан Қуандықұлы да қонақтарын сый-сияпатсыз қалдырмады. Университеттің əлеуметтік-мəдени даму жөніндегі проректоры, академик Дихан Қамзабекұлын дəл осы күнмен тұспа-тұс келген туған күнімен құттықтай отырып, жақында ғана жарық көрген "Егемен Қазақстан" газеті материалдарының 5 томдық жинағын салтанатты түрде табыстады. Осындай сый шараны ұйымдастырушысы ретінде журналистика және саясаттану  факультетінің деканы, профессор Қайрат Саққа да ұсынылуы  көпшіліктің көңілінен шықты.

Университеттің журналистика мәселелерін зерттеу  институтының директоры, профессор Намазалы Омашұлы жетекшілігімен шыққан аталған бес томдық жинақтың  авторы тарапынан  таныстырылуы да шараның маңызын арттыра түсті. Елордадағы маңдайалды білім ордасының ректорат мүшелері - декандар, атақты профессорлар мен Журналистика жəне саясаттану факультетінің ұжымы қатысқан шара барысында болашақ бəсекеге қабілетті білікті мамандар даярлауға байланысты ой-пікір ортаға салынды. "Егемен Қазақстанда" журналистік қызметті адал жəне абыроймен атқарып жатқан ЕҰУ түлектері өз жетістіктерімен бөлісті.

Бас басылымның ғасырлық белесі аясында өткен шарада университет пен жұмыс беруші арасындағы байланыс тақырыбы талқыланды. Мәжіліске «Журналистика» мамандығының түлектері және "Егемен Қазақстанда" тәжірибеден өтіп жатқан студентері де қатысты. Мәжіліс барысында «журналистика» мамандығының түлектері өз ойларымен бөлісіп, университетке, оның ішінде факультет ұжымына алғысын білдірді. Сондықтан университет басшылары, декандар мен журналистика факультетінің ұстаздары қатысқан жиын екі жаққа да пайдалы болған сияқты.