Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева

Основан 1996 году

Факультет журналистики и политологии


«EGEMEN QAZAQSTAN» ГАЗЕТІНЕ - 100 ЖЫЛ

 Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған «Жаһандық медиакеңістіктегі баспасөздің рөлі мен даму тенденциялары» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Алғашқы саны «Ұшқын» деген атпен 1919 жылы 17 желтоқсанда жарыққа шығып, атауы әр кездері  «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып ауысқан «Egemen Qazaqstan» газетінде әр жылдары Б.Күлеев, С.Садуақасов, Ж.Аймауытов, Б.Майлин, С.Сейфуллин, М.Әуезов, Т.Рысқұлов, О.Жандосов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Мұртаза, Ә.Кекілбайұлы және т.б. ұлт мақтаныштары еңбек етті. Ел тарихындағы қоғамдық-саяси оқиғалардың жылнамасына айналған басылым бүгінгі таңда жаңа мазмұнда, заманауи форматта жарық көруде.

Еліміздің Ата басылымының бір ғасырлық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жаһандық медиакеңістіктегі жаңалықтар мен өзгерістер, бұқаралық коммуникация мәселелері, газет нарығының қыр-сыры, журналистика жанрларының бүгінгі түрлену үдерісі жайлы талқыланды.

Конференцияға  жазушы, ғалым Қойшығара Салғара, профессор Серік Қирабаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы,  Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұлов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Намазалы Омашев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қырықбай Аллаберген, және тағы басқа қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысты.

Мехико Туризм технологиясы университетінің магистрі Jose Umberto Baeso Estrada баяндама жасап, Түркияның Мимар Синан көркем аударма университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдуақап Қара онлайн режімде құттықтады.   

Конференция барысында  «Республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы Қыдырәлі ғалымдар Серік Қирабаев пен Қойшығара Салғараны мерейтойлық медальмен марапаттаса, университет проректоры Дихан Қамзабекұлы Еуразия ұлттық унпверситетінің «Күлтегін» медалімен газет қызметкерлері Талғат Батырханды, Бекен Қайратты, Думан Анашты марапаттады. Сондай-ақ ректордың Алғыс хатын журналистер Амангелді Құрметке, Жылқыбай Жағыпарұлы мен Сүлеймен Мәметке табыс етті.

 

 

 

 

 

Басылымның 100 жылдық мерейтойы аясында Журналистика және саясаттану факультетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасы «Egemen Qazaqstan»  газетінің 10 күндігін» өткізеді.

Онкүндікте «Республикалық «Egemen Qazaqstan» газеті» АҚ басқарма төрағасы Д.Қыдырәлінің шеберлік сағаты, сондай-ақ, басылым веб-редакциясының жұмысы, фотожурналистика, дизайн жасау технологиясы жайлы семинар-тренингтер, газет тілшілерімен шеберлік сабақтары, кездесулер ұйымдастырылады.