"Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының магистранттары университеттен тыс тәжірибелік сабақ ұйымдастырды

Сұлу болу үшін де, сырға тағу үшін де PR қажет!

Астанада ағымдағы жылдың қараша айының 8-і күні басталған «16-халықаралық Сулулық көрмесі» және «Ару Астана 2018»  зергерлік бұйымдар көрмесі аясында 2-курс магистранттары Айтқазы қызы-Турлыханова Меруерт, Молдабаев Хасен, Шакарман Дана бакалаврда оқитын 3 курс студенттеріне арнайы тәжірибелік сабақ өткізді. Бакалаврда «Қоғамдық байланыс» мамандығы бойынша оқитын студенттерге көрмеге қойылған компаниялар өз өнімдерін өткізу үшін қандай әдістерді қолданып жатқанын анықтау тапсырылды. Сонымен қатар, көрмеге қатысу нәтижесінде баспасөз парағын әзірлеп, сабақ барысында оны талқылау тапсырылды.  

 «16-халықаралық Сулулық көрмесіне»  50-ге жуық компания қатысып жатыр. Ал 31- рет өткізіліп отырған «Ару Астана 2018»  халықаралық зергерлік бұйымдар көрмесі көлемі жөнінен Мәскеуден кейінгі екінші алаң екенін айтып өткен жөн.  Қос алаңда да Қазақстандық өнімді ұсынатын компаниялар баршылық. Ұйымдастырушылардың айтуынша, отандық өнімнің саны және сапасы жыл сайын артып келеді. Аталмыш шаралардың қоғамдық қатынастар саласымен түйісетін тұстары көп. Себебі, кез-келген компанияның табысқа жетуі сапалы пиар құрудан басталады. Ал білікті пиар-агенттің нәтижелі жұмысы компания брендінің танымалдығы мен өнімге деген сұраныстың артуына әкелетін бірден-бір негіз. 

Бір топ студент Польша, Беларусь, Оңтүстік Корея және өзге де мемлекеттердің пиар-агенттерімен әңгімелесіп, тәжірибелік тұрғыда біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алды. PR үшін керекті ақпаратты жинақтауға, сұхбат алып, сауалнамаға  қатысып, тәжірибелі мамандардың қолданып жатқан әдістерін бақылады. Осылайша нағыз пиар маманының жұмысы іс жүзінде қалай жүзеге асатыны туралы жеткілікті ақпарат алды. 

Айта кету керек, көрме  барысында бакалаврда оқитын Әйгерім есімді студентке көрмеге қатысып жатқан компаниялардың бірі пиар менеджер ретінде жұмыс істеуді ұсынды.  

«16- Халықаралық Сұлулық индустриясы көрмесі» 10-қарашаға дейін, «Ару Астана-2018» зергерлік бұйымдар көрмесі қарашаның 11-не дейін жалғасады.