"Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының студенттері Жандос Құсайынмен кездесті

  

                    «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деп, көктемнің жаңаруында болашақ журналистер үшін жаңа кездесулер басталды. Өзіндік қолтаңбасы бар режиссер, сценарист және блогер Жандос Құсайын өз шеберлік сыныбында тағылымы терең, кәсіби астарларды айқындайтын мазмұнды әңгіме өрбітті. Отандық киноматографияны сапалы, ойлы, қызықты туындыларымен толықтырып жүрген Жандос Құсайынның «Көке», «Сергелдең», «Шабдалы», «Өмір сақшылары», «Тамыз» атты фильмдері өз көрермендерін тауып үлгерді. Киноға тележурналистикадағы режиссерлік қызметінен соң келген ол бұл екі саланың өз ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталды. «Хабар» арнасында қызмет етіп, «Наурыз жәрмеңкесі» мюзиклі, «Аймақтар аламаны», «Жігіт сұлтаны», «Орталық Хабар» сынды ірі жобалардың режиссері болып, соның нәтижесінде «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауының 2017, 2018 жылдардағы «Үздік режиссер», «Үздік фильм», «Үздік оператор» номинацияларының финалисті болған. Режиссерліктің тізгінін мықтап ұстаған маманмен жүздесу «Қазақ журналистикасы» студенттері үшін тәжірибе алмасудың үлкен мүмкіндігі болды. 

                      Жандос Құсайын өз сөзін «Журналист пен режиссердің қызметі – олардың ойы бір жерден шыққанда түйіседі» деп бастады. Одан әрі кездесу барысы режиссура мен сценарист шеберлігі турасында өрбіді. Жақсы сценарист болудың тәсілімен бөлісіп, кішігірім құпияларын да айтып берді. Сондай-ақ, сценарий жазудағы Жорж Польтидің «36 фабуласына» жүгінгенудің маңызын білдік. Георгий Данелияның лирикалық комедиясы, Леонид Гайдай мен Эльдар Рязановтың, Дәржан Өмірбаев пен Ақан Сатаевтың өзіндік қолтаңбалары туралы қызықты да деректі мағлұматтар айтылды. Әңгіме режиссердің «Шабдалы» фильмінің кастингінің қалай өткендігі жайында, фильм түсіру барысындағы қызықты оқиғалармен жалғасын тапты. Оған қоса, БАҚ саласында нендей нәрсеге көңілі толмайтынын, болашақ журналистерден не күтетінін ашық білдірді. Жандос Құсайынның айтуынша, «БАҚ өкілдері халыққа қалауын емес, керегін беруі керек». «Журналистер сынды сындыру үшін емес, қисығымызды түзеу үшін, жыртығымызды бітеу үшін айтуы тиіс» деді, келесі сөзінде. Қонағымыз берер кеңесінен бөлек, қоғамдағы шиеленісті мәселелерден де айналып өтпеді. Оның ішінде, спорт саласының ауқымы мен қызметінің өзгергендігі хақында, кейбір билік өкілдерінің әлеуметтік бейнесі мен жеке бейнесінің арасында «жер мен көктей» айырмашылықтың бар екендігі және сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы да өзекті пікірлерін білдірді. 

                   Кездесу барысында студенттер тарапынан «Қызмет бабындағы қиындықтарыңыз қандай болды?», «Режиссерлік салаға қалай келдіңіз?»,  «Жақсы сценарий жазу үшін не істеу керек?», «Үлгі тұтар режиссеріңіз бар ма?», «Бізге қандай фильмдер көруге, қандай кітаптар оқуға кеңес бересіз?», «Алдағы уақытта қандай фильмдер түсіру жоспарда бар?», «Қызықты фильм түсіруге, сапалы сценарий жазуға шабытты қайдан аласыз?», «Телевизиядағы режиссура неге үйретті?» деген сынды көкейтесті сұрақтар қойылды. 

                   Екі сағатқа созылған кездесу кәсіби деңгейде өтті десек болады. Жастармен емен-жарқын араласқан ол әр ойының түйінін мемлекетшілдік идеямен негіздеп отырды. Жүздесу аяғы таяған сәтте, Жандос мырза  болашақ әріптестеріне жүрекжарды тілегін білдірді. «Халқың қажет ететін, еліңе еңбегің сіңер маман, ең бастысы, мемлекетшіл азамат болыңдар», деп ұлттық мүддеге жанашырлық танытты. 

       

Гүлбарам Құрақ 

3-курс студент