«Túrkistan» газеті» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті

Бүгін Елордадағы Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасында алғашқы санының басылып шыққанына 27 жыл болған халықаралық «Túrkistan» саяси апталығында ширек ғасыр ішінде жарияланған ең үздік мақалалалар мен сұхбаттардан құрастырылған «Túrkistan» газеті» жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Жиынды «Túrkistan» газетінің Бас редакторы Қуат Әуесбай ашып, газеттің осыған дейінгі жетістіктері мен бүгінгі жағдайына қысқаша шолу жасады. Тұсаукесерде еліміздегі Бас редакторлар клубының вице-президенті, саясаттанушы публицист Кенжеболат Жолдыбай, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ, осы университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасы меңгерушісі, доцент Гүлмира Әшірбекова, Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті, профессор Мұратбек Тоқтағазин, Қазақстан Жазушылар Одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, «Отандастар» қорының ресми өкілі Еркін Байғабылұлы, «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық республикалық газеті» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Кәмен, Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы директоры Үмітхан Мұңалбаева т.б. БАҚ өкілдері қатысып, сөз сөйледі.

Алаш баспасөзі мен көсемсөзін зерттеу бағыты бойынша ғылыми мектебі бар ғалым ретінде ақпарат саласы мамандары жоғары бағалайтын, журналистер шеберханасының ұстасы да ұстазы Қайрат Өмірбайұлы «Túrkistan» саяси апталығының қазақ баспасөзінде өзіндік үлгі-өрнегі барын және басылымның ширек ғасырдан астам уақыттан бері ұлттық руханият пен түркі әлемі үшін зор еңбек сіңіріп келе жатқанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, лентасы қиылып, оқырмандарына жол тартқан «Túrkistan» газеті» жинағының маңызы туралы да жылы лебізін білдірді. Бұқаралық ақпарат құралдары, әсіресе баспасөз саласы электронды форматқа көшіп жатқан шақтың өзінде бұрынғы қалпын да сақтап, заманауи үрдістен де қалмай оқырманның ықыласына бөленген газеттің болашағы зор екенін айта келе, барша түркі жұртына ортақ басылымның ұжымы мен оқырмандарын айтулы қуаныштарымен құттықтап, Алаш баласын сүйіншілейтін ақжолтай ақпараттар мен ел беделін арттыру, оқырмандарының рухын көтеру, іргелі істерге жұмылдыру мұратымен жазған мәйекті мақалалардың көп жазылуына тілектістігін білдірді.

Доцент Гүлмира Шайтмағанбетқызы да өз кезегінде «Тәуелсіздік кезеңіндегі мерзімді баспасөз: тарихы мен тәжірибесі» атты тақырыпта үздік баяндама жасап, өз ұсыныстарын да атап өтті. Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері қоғамның, экономикалық, саяси һәм рухани-мәдени тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері мен жетістіктерін бұқараға кеңінен жеткізіп келе жатқан «Túrkistan» газетінің ақпарат айдынындағы айрықша орнына тоқтала келе, газеттің талдаулары терең, мазмұны бай, тілі шұрайлы материалдарында барлық саланы қамти отырып, қоғамның дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқандығын ризашылықпен жеткізді.

      «Túrkistan» халықаралық газеті мен Қайрат Сақ басшылық ететін Журналистика және саясаттану факультеті арасында студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу туралы келісім-шарт бар. Соның негізінде қазірдің өзінде факультеттің он шақты студенті газетте өздерінің шығармашылық шеберліктерін шыңдауда. Сонымен қоса аталмыш факультеттің бірнеше түлектері «Túrkistan» саяси апталығында қызмет етуде. Осы тұрғыда басылым мен ЕҰУ әрқашан да шығармашылық тұрғыдан бірлесе жұмыс істейді.