«Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес өз жұмысын бастады

25 қаңтар Журналистика және саясаттану факультеті үшін ерекше күн болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ректорының 2019 жылғы19 қарашадағы №1883-п бұйрығымен ашылған «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағытындағы «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес өз жұмысын бастады. Елімізде тұңғыш сала мамандарынан құрылған диссертациялық кеңесте алғаш боп факультетіміздің докторанты Алма Сайлауқызы өз диссертациясын сәтті қорғап шықты.                                          

Факультетіміз үшін бұл диссертациялық кеңестің мәні мен маңызы орасан зор. Докторанттарымызға жол ашылып, үлкен мүмкіндік туғызылып отыр. Жеті адамнан тұратын кеңес құрамында ЕҰУ-дің журналист ғалымдарынан бөлек, Түркістан қаласындағы Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Туризм және журналистика» кафедрасының профессоры Б.К.Сердәлі және Санкт-Петербург мемлекеттік университеті Журналистика және бұқаралық коммуникация жоғары мектебінің «Бизнестегі қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі, профессор Д.П. Гавра бар. Диссертациялық кеңестің төрағасы – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ  Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к., ЕҰУ профессоры Қ.Ө.Сақ. Төрағаның орынбасары – Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының доценті, ф.ғ.к. А.О.Есдәулетов. Ал ғалым хатшы – «Баспасөз және баспа ісі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Г.Ш. Әшірбекова. Диссертациялық кеңес мүшелерінің барлығы да – білім ордамызда бекітілген Диссертациялық кеңес туралы жаңа ереженің жоғары талаптарына сай білікті мамандар.                 

Алғаш боп қорғаған ізденуші А.Сайлауқызы біздің факультеттің докторантурасын 2015-2018 жылдары оқыған. Диссертациялық жұмысының тақырыбы «Қазақ қоғамын демократияландыру мен ұлт бірлігін нығайтудағы Алаш көсемсөзінің рөлі» деп аталады. Осы тақырып аясында ізденуші тарапынан жалпы саны 19 ғылыми мақала жарияланса, оның ішінде 3 мақала Scopus мәліметтер базасына енетін журналдарда жарық көрген. Ізденушінің шетелдік ғылыми кеңесшісі, ф.ғ.д., Франциядағы Еуропалық қоғаммен байланыс институтының профессоры Т.Ю.Лебедева қорғау мәжілісіне Skype бағдарламасы арқылы тікелей Парижден қосылып, қорғау барысына бастан-аяқ куә болып, ғылыми еңбекке өзінің жоғары бағасын берді. Диссертациялық кеңестің мүшесі Д.П.Гавра мырза да тікелей байланыста Австралиядан қосылып, ізденушінің ғылыми еңбегі туралы жағымды пікірімен бөлісті. А.Сайлауқызының ресми рецензенттері: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология және әлем тілдері факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Ө.Әбдиманұлы мен  Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті «Журналистика» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қ.Д.Асанов кеңес мәжілісіне арнайы келіп қатысып, диссертация жөнінде өз ойларымен бөлісіп, оң пікірлерін берді.                                                                                                               

Бір айта кетерлігі, 2020 жылдан бастап ЕҰУ-дің диссертациялық кеңестері онлайн түрде электронды дауыс беруге көшті. Соны ең алғаш болып «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңесі іс жүзінде қолданды. Нәтижесінде докторант кеңес мүшелері қолдаған 100% дауыс алды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша ізденуші А.Сайлауқызының еңбегі жоғары бағаланып, «Дәрежелерді беру ережелерінің» барлық талаптарына сай философия ғылымдарының докторы (PhD) дәрежесін алуға лайықты  деп табылды.