Адамдарға күлкі сыйлайық

   Жақында ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультеті студенттерінің бастамасымен елорда жастарынан құралған пікірсайыс клубтарының белсенділері өте мықты жоба бастады. Асылында, «Baqyt ber» -  тағдыр тауқіметін көрген, сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтар мен жандарға жылу сыйлайтын жоба.

 

       Жобаның ерекшеліктерінің бірі – барлық шаралар аукцион форматында өтеді. Ұйымдастырушылар елге танымал бір тұлғаны таңдап алып, онымен жеке кездесу мүмкіндігін аукционға қояды. 24 сағат ішінде осы лотқа ең көп ақша ұсынған адам жеңіске жетеді. Нәтижесінде, жеңімпаз жан өзі кумир санайтын тұлғамен кездесіп, белгілі бір уақыт ішінде бірге болып, тәжірибе алмаса алады. Сатып алудың ең төменгі құны - 1000 теңге. Ал, осылай бірнеше рет өткізілген сатылымнан жиналған қаражат жағдайы төмен отбасыларға, жеке адамдардың емделуіне, асыраушысынан айырылған жандарға немесе көп балалы отбасыларға, қарттар үйіне, қоғамдағы көмек қажет топтарға қамқорлық ретінде жұмсалады. Өйткені, кім-кімнің де зауал шағында көңілге талшық етер бір ғана медеуі - сол адастырмас адамшылық шырағы екені ақиқат.

       Жобаның бірінші маусымында лотқа 22 танымал тұлғамен кездеу мүмкіндігі қойылып, нәтижесінде 172088 теңге жиналды. Ең қымбат лот құны 33 333 теңге болды. Жиналған ақшаға көпбалалы төрт отбасыға көмекке берілді.

      «Күлуді жақсы көресіз бе? Күніне қанша адамға күлкі сыйлайсыз? Бір адамды бақыттырақ қылуға қаншалықты тырысасыз? Әрбір күні өзгеден емес, өзіңнен жақсырақ, мықтырақ болуға тырысу керек. Мейірімді болсаңыз, айналаңыздағы барлық адамдар сізге тартылады. Сенбейсіз бе? Онда сізге үлкен мүмкіндік туып тұр», - дейді «Baqyt ber» жобасының ұйымдастырушылары.

     Аталмыш жобаға қатысып, аукционға шыққысы келетін тұлғалар «Instagram» желісіндегі «Baqyt_ber» аккаунтына тіркеліп, жобаға қатысты ұсынысын  жазуына болады. Жүрегінен мейірім нұры төгіліп, адами  асыл қасиетке ие жандар ғана өз бақытын басқалармен бөлісу бақытына ие бола алады.

 

Аружан Дәрібай,

 Журналистика және саясаттану факультетінің

3-курс студенті