Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева

Основан 1996 году

Факультет журналистики и политологии


Алаштануға арналған жаңа еңбектер таныстырылды

Қазан айының 19-ы күні астанамыздағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры,  алаштанушы-ғалым Қайрат Өмірбайұлы Сақтың “Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі”және “Елу деген бір белес” кітаптарының таныстырылымы өтті.

 

“Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі” жинағы – ҚР Жоғары ғылыми техникалық Кеңесі бекіткен «Елдің интеллектік әлеуеті» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылған «Алаш көсемсөзі – ел интеллектісін көтерудің қайнар көзі» атты ғылыми жобаны орындау барысында әзірленген “Алаш көсемсөзі” көптомдығының IV-томы.

 

Аталған ғылыми жоба аясында бұған дейін көптомдықтың “Алаш көсемсөзі: жер мәселесі”, “Алаш көсемсөзі: тіл мәселесі” және “Алаш көсемсөзі: дін мәселесі” деп аталатын І, ІІ жәнеІІІ –томдары жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілген болатын. 

Еске сала кетейік, ғылыми жобаны орындау барысында көптомдықтың жоспарланған барлық бес (5) томы әзірленді, алдағы уақытта “Алаш көсемсөзі: білім-ғылым және мәдениет мәселесі” атты V-томының жарыққа шығуы күтілуде. Таныстырылым барысында ғылыми жинақ алаштанушы, ғалым-профессорлардың талқысына ұсынылып, еңбектің теориялық және тәжірибелік құндылығы зерделенді.

 

Сонымен қатар, көпшілік назарына “Елу деген бір белес” жинағы ұсынылды. Аталған еңбекке ұлағатты ұстаз, ғалым, мәдениет қайраткері Қайрат Өмірбайұлының қазақ руханияты мен ұлт журналистикасына сіңірген сүбелі еңбектері мен шығармашылық жетістіктері туралы зиялы қауым өкілдері, әріптестері, достары мен шәкірттерінің шынайы лебіздері мен ақжарма тілектері топтастырылған.

 

Таныстырылым шарасына ұлт зиялылары, қоғам қайраткерлері, алаштанушы-ғалымдар, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.