Еске алу кеші

27 ақпанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің акт залында Қазақ телевизиясының 60-жылдық мерейтойына орай ақын, журналист Жарасбай Нұрхановты еске алу кеші өтті.

Оған факультеттің ұстаздары мен студенттер қауымы қатысты. Кешті ашқан журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы Сақ Жарасбай Нұрқановтың өмір жолы, жарқын бейнесі мен азаматтық болмысы ту­­ралы әңгімеледі. Баспа ісі 21-топтың студенттері Жарасбай Нұрқановтың өлеңдерін оқыды. Келер жылы Ж.Нұрқановтың 80 жылдығы аталып өтпек. Мерейтой қарсаңын­да, жас ұрпаққа ақынның өлмес мұ­ралары туралы салиқалы сөз айтқан Жакеңнің жары Қа­зина апайдың бұл жолғы кездесудегі әңгімесі де әсерлі шықты. 

Қазина Нұрқанова да ұзақ жылдар бойы Қазақ радиосы мен газет, баспаларда жұмыс істеген. Қазір ол зейнеткер жасында болса да, ақынның артында қалған шы­ғар­маларының шырайын келтіріп, жас ұрпақтың есінде мәңгі қалдыру мақсатында ұлағатты іс тындырып жүргенін айта кету ләзім. 

Жарасбай Нұрқанов шын мә­нінде, ұлттың адамы еді. Ол Отан, туған жер туралы тебірене жазды, ұлтқа қатысты рухты оятатын жыр­ларды дүниеге әкелді. 
Орыс тілінде білім алған ақын­ның жары Жарасбайдың жара­сымды көркем мінезі мен азаматтық болмысы арқылы өзінің де өсе түскенін айтады. 
– Мен Жарасбайдың жырлары арқылы өзімді таныдым, өзімді аштым. Қазақты аштым. Жәкең өз поэзиясымен, адамгершілік ұста­ны­мымен менің өміріме бағыт-бағдар берді. Жарасбай арқылы мен қазақ поэзиясындағы ірі тұлға­лармен дәмдес, сыйлас болдым. Бірде сол кездегі Целиноград қала­сында Сәбит Мұқановтың «Сәкен Сейфуллин» атты драмасы орыс театрында қойылды. Қойылымның тұсаукесеріне елімізге танымал жа­зушылар мен Сәкен Сейфуллиннің жары Гүлбахрам апай келді. Қойы­лым аяқталысымен Жарасбай Сә­бит сияқты қазақтың тұлғалы жазу­шысынан сұхбат алды. Дастарқан басында жақсы әңгіме өрбіді. Сәбит Мұқанов дастарқанда ет асату рәсі­мін жасады. Бірінші болып Сәбит­тің қолынан ет асадым. Сол оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді, – дейді ақынның зайыбы Қазина Нұрқанова. 
Кездесуге келген студенттер Жа­расбай ақынның «1937 жыл. Ерте солған гүлдер» бейнебаянын тамашалады. Бұл өлеңді белгілі қаламгер саяси қуғын-сүргін құр­бандарына арнап жазған. Кейінірек, өлеңнің сөзіне сазгер Ерсайын Нарымбаев ән жазды. Қазір бұл азалы жыр «АЛЖИР» мемориалдық мұражай-кешенінде орындалады. Осы өлеңде ел басына түскен қаһар­лы күндерде замана соққысына тап болған Алаш азаматтарының жан күйзелісі мен қайғы-қасіреті тұтас­тай суреттелген. Шын мәнінде, тың­­даған адам қазақтың тұтас та­рихын көз алдына елестетіп, жаралы жыл­дардың жаңғырығын сезінеді. 
Жарасбай ақын­мен 50 жыл отау құрып, жарасымды ғұмыр кешкен Қазина апай «әрбір жас қазақ­стандықтар елімізде болған тарихи оқиғаларды біле жүріп, соның негізінде еліне, жеріне патриоттық сезімі оянса, еліміз одан әрі көркейе түсер еді» деген пікірде. 
КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кездің өзінде-ақ ақын­дығы мен азаматтық көз­қарасынан айнымаған Жарасбай Нұр­қанов «Бабам тілі» атты өлеңі үшін қудаланды. Қысым көрді. Өлең­дері біраз уақытқа дейін жа­рияланбады. Цензураға ұшырады. Орталық комитеттің шолақбе­л­сенділері «Тіл туралы жазуды тоқ­тат» деп нұсқау берді. «Бір партбилет үшін тілімді сатпаймын» деп ол сол кезде әлгілердің алдына партбилетін тастаған. Кеңестік идеологияның дәурені жүріп тұрған 1972 жылдары мұндай батыл әрекетке ешкім бара алмас еді. Жаны ұлт үшін арпалысқа түскен Жарасбай ғана осындай қадамға барды. 
– Мен оның жан күйзелісін тү­сіндім. Осындай қиын сәттерде оған қаламсабы мен ақ қағазы серік бол­ды. «Елім, жерім, Отаным, ұл­тым» деп жырлады, – дейді Қазина апай. 
Аға буын Жарасбай Нұрқанов­тың туындыларын, азаматтық бол­мысы мен адамгершілігін ұмыта қой­ған жоқ. Кездесу барысында факуль­теттің профессоры, ұстаз Клара Қабылғазина да Жарасбай жайлы тағылымға толы тәрбиелі әңгіме айтты. Қазақ өнеріндегі маң­дайалды композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Төлеген Мұхамеджанов, Кенжебек Күмісбеков, Еркеғали Рахмадиев Жарасбай ақынның өлең­деріне ән жазды. Қазір бұл әндерді Роза Рымбаевадан бастап, біраз әншілер орындап жүр. Әншілер әуелетіп айтып жүрген басқа да әндері Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. 
– Қазақтың осындай талантты азаматымен мағыналы ғұмыр кешкен өзімді бақыттымын деп са­наймын. Ендігі парызым – Жа­расбайдың жырларын кейінгі ұрпаққа аман, адал жеткізу. Ақын­ның аманатын орындау басты па­рызым, – дейді ардагер-журналист Қазина Нұрханова.