Факультетте воркшоп түріндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен «Дистанционное образование: новые вызовы глобального масштаба» атты тақырыпта воркшоп түріндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн режимде өтті. Оған Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университеті Журналистика факультеті, «Манас» қырғыз-түрік университеті, Сібір мемлекеттік университеті, Ростов мемлекеттік университеті профессор-оқытушыларымен қоса Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессор-оқытушылары мен докторант, магистранттары қатысты.

Айтулы шараның шымылдығын факультет деканы, профессор Қ.Ө. Сақ құттықтау сөзімен ашып, оқу ордамыздың жетістіктерімен таныстырып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Конференцияда қашықтан оқытуда студенттерді бағалауға арналған платформаларды пайдаланудың тиімділігі, қашықтан оқыту әдістері, салалық журналистика және жаңа медианы зерттеудің маңызы мен өзектілігі, қашықтан оқыту кезінде докторанттармен ғылыми жұмыс жүргізуде қолданылатын бағдарламалар түрлері және қашықтық жағдайында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу ерекшеліктері жайлы кеңінен талқыланды.

Халықаралық шара барысында Ростов мемлекеттік экономика университеті (РИНХ) Журналистика және лигвистика факультеті мен Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті Журналистика факультетінің бірқатар ғалымдары тақырып аясында тұшымды баяндамасымен бөлісті.

Сондай-ақ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің профессор-оқытушылары, атап айтсақ, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.к., доцент Г.Ш. Әшірбекова, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филол.ғ.к., доцент С.М. Дүйсенғазы, Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, РһD доктор И.С. Рыстина, филол.ғ.д., профессорлар Ә.Қ. Ишанова, М.Б. Шындалиева, с.ғ.д., профессор Р.Ә. Нұртазина, с,ғ,к., доцент Қ.Д. Жанпейісованың да баяндамалары көпшіліктің көңіл төрінен орын алды.

Қатысушылар нәтижелі шараға зор алғыстарын білдіріп, қош айтысты.