ФАКУЛЬТЕТУ ЖУРНАЛИСТИКИ И ПОЛИТОЛОГИИ - 10 ЛЕТ!

Әсем Алматыдан сәулетті де дәулетті қала Нұр-Сұлтанға арнайы шақырумен келіп, қолға алған ісіміздің нәтижесінде негізі қаланған Лев Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетіне 10 жыл толып отыр!

http://fjp.enu.kz/storage/MAKPAL/j3iztQIP3ksCXj8nzPQ5VIjWAX1Htk1ebVhgZumc.jpeg

 

http://fjp.enu.kz/storage/MAKPAL/8UwS504A21pEXWhdiuP0vUUozln8qwjpoAmJqs16.jpeg

10 жылдық мерейлі меже - өзгені білмеймін, біз үшін міндетті түрде атап өтуге тиіс аса қымбат дата. Өйткені кейінгі 12 жыл саналы ғұмырымызды арнаған, ыстығына күйіп, суығына тоңған, күлкісіз күндеріміз бен ұйқысыз түндерімізді алған, еткен еңбегіміз бен төккен теріміздің өтемі, жеңісіміз бен жемісіміз.

http://fjp.enu.kz/storage/MAKPAL/P7uIOB8hC7mCAn2Ae2kc6aMTPxDLlv1lN3ikAwA8.jpeg

10 жыл ішінде факультетіміз қадамын тәй-тәй басқан сәбилік шақтан оң-солын танитын есейген, есі кірген кезеңге өтіп, көптің көзіне түсіп, жұрт санасатындай халге жетті. Ол оп-оңай, өзінен-өзі бола қалған жоқ. Оған көптің еңбегі сіңді. Әсіресе, университеттің бұрынғы басшысы Бақытжан Әбдірайым мен қазіргі ректорымыз, академик Ерлан Бәтташұлының әкелік қамқорлығы өтті. Қазақ журналистикасы мен руханиятының заманымыздағы заңғарлары Ақселеу Сейдімбек, Нәубат Қалиев, Сұлтан Оразалы, Ғаділбек Шалахметов, Намазалы Омашов, Сауытбек Абдрахманов т.б. ағаларымыздың абырой-атақтары мен ақыл кеңестері қызмет етті. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, басында он шақты боп бастаған, қазір жүз шақты болып қоштаған еңселі ұжымымыздың үлкен-кішісінің ерен еңбегі еш кеткен жоқ. Бүгінде Елордада ғана емес, Журналистика және саясаттану факультеті сала бойынша байтақ Қазақстанымыздағы көшбастаушы орталыққа айналуы - соның айқын жемісі. Оны біз емес, ел айтып жүр. Одан қүлағы түрік, көкірегінде көзі бар, санасы ояу оқыған-тоқығандар құлағдар. Бір ғана дәлел келтірейін, "Журналистика және ақпарат" білім бағыты бойынша Республикалық оқу-әдістемелік бірлестіктің тізгінін ұстау бізге бұйырғаны тегіннен-тегін емес екенін сала мамандары терең түсінгендіктен оң бағасын беруде.

http://fjp.enu.kz/storage/MAKPAL/o8BbBc5FBQukwY5muUkNIGwqHjwqaG9scpeDxeW8.jpeg

Ендеше он жасқа жаңа толып отырған факультетіміз кең байтақ Қазақиямызға танылып қана қоймай, мойындалып та үлгергені үлкен қуаныш! Осы жеңісті де жемісті жолымыз даңғыр да баянды болғай! Барша әріптес, тілеулес қауымды, тарыдай болып келіп, таудай болып шыққан түлектерімізді, бүгінгі білім алушыларымызды төл мерекеміз - факультетіміздің туған күнімен құттықтаймын!

Алар асу, бағындырар биіктеріміз көп болсын! Жиырма жылдық межеге қадам басқан факультетіміздің жолы даңғыл, кедергісі жоқ болсын!!!

Сақ Қайрат Өмірбайұлы,

  Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы,

профессор, Халықаралық Еуразия теле-радио академиясының

және Қазақстан журналистер академиясының академигі,

Қазақстанның мәдениет қайраткері