Президенттің биылғы Жолдауы көптің көкейіндегі маңызды мәселелерді тап басуымен құнды

Білім күнімен тұспа-тұс келген ҚР Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған екінші Жолдауында ел дамуының негізгі бағыттары мен экономикалық және әлеуметтік мәселелерді кеңінен қозғағаны көңілімізден шықты. Мемлекет басшысы көтерген көптеген мәселелердің қатарында оқу-білім жайын назардан тыс қалдырмауы әбден орынды деп білеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыратын қағидаттардың» қатарында жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн екендігін алдыңғы кезекте атап өтеді. Бұл жолда өзіміз еңбек етіп жатқан Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де ректорымыз Ерлан Сыдықовтың білікті басшылығының арқасында орасан зор міндеттерді жүзеге асыруда. Әсіресе, қазіргі әлемді індет жайлаған кезде университетте білім алушылардың заман талабына сай сандық технологияның барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, терең білім алуымен қатар, Жолдауда айтылғандай, олардың «әділдіктен айнымай, адал, ұқыпты, тиянақты» болуына аса мән берілуде.

Түрлі онлайн платформаларды ұтымды қолдана отырып, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессор, оқытушыларының ұйымдастыруымен жастардың жан-жақты дамуын көздеген тағлымы мол көптеген шаралардың өтуі бұл сөзімізге дәлел бола алады. Жалпы алғанда алдағы уақытта алар асуларымызды дұрыс мегзеген биылғы жаңа Жолдау осы жолы да халық көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтере алуымен құнды екендігін атап өткіміз келеді.

Гүлжауһар БОЛАТОВА,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика

және саясаттану факультеті деканының орынбасары,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері