Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасы мектеп бітірушілермен респубикалық кездесу өткізді

 

2020 жылы 17 сәуірде Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен талапкерлерге "Журналистика" мамандығы жайлы ақпараттық-түсіндіру мақсатында Республикамыздың әр өңіріндегі мектеп бітірушілеріне арналған ZOOM платформасында онлайн кездесу өтті.

Шараға Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы Сақ, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы және елуге жуық республикалық мектеп бітірушілері тіркеліп, қатысты.

       Факультет деканы Қайрат Өмірбайұлы мектеп бітірушілерімен кездесудегі сөзінде, бірінші халықтың мүддесіне қызмет ететін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, билік пен халықтың арасындағы көпір болатын журналистика мамандығы қай кезеңде де өте маңызды екенін айтса, екінші, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ЖОО ішінде аз уақыттың ішінде маңдайалды университеттер қатарына енгенін тілге тиек етті. Келесі жылы университетіміз 25 жылдығын атап өтетінін, жиырма бес жылда 250 жылдық университеттердің жұмысын жасағанын атап өтті. Сәулетті Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында орналасып, Еуразия құрлығының атауын алған, ең білікті ғалымдар шоғырланған оқу орнының халықаралық беделін нақты мысалдармен сипаттады. ЕҰУ-дың әлемдік рейтингтерде 17 мың университеттің ішінде топ 400-дікке кіретінін, құрылғанына 50 жылдан аспаған университеттер арасында 30-дыққа енгенін айтты. Сондай-ақ, Журналистика және саясаттану факультетінің биыл мамырдың 5-інде өзінің 10 жылдығын тойлайтынын және сол 10 жылда жеткен жетістіктерін талапкерлерге таныстырды. Факультетіміздегі сексенге тарта профессор-оқытушылардың жиырма шақтысы ғылым докторы, профессорлар, отыз шақтысы ғылым кандидаттары және жаңа үлгідегі PhD докторлары екенін, журналистика саласы бойынша Қазақстандағы ең танымал ғалымдар мен белгілі журналистердің осында шоғырланғанын жеткізді.

«Соның арқасында біз білікті мамандар дайындап, еліміздің білікті журналистерін дайындап жатырмыз. Бүкіл БАҚ  Елордада шоғырланған. Соның бәрімен тығыз байланысымыз бар. Біздің сабақтарымыз сол редакциялардың студияларында өтеді. Осының барлығы кәсіби маман шығаруымызға мүмкіндік беріп отыр. Студенттеріміз оқып жүріп жұмыс істеп, журналист болып танылуға мүмкіндік алып жатыр және бұлардың алды елімізге ғана емес, әлемге танылған журналистер қатарынан көрінуде.  Мысалы, «Хабар» агенттігін қоссаңыздар Европаны аралап жүріп, сюжетін түсіріп, эфирге шығарып жатқан Шолпан Найманбаева деген түлегімізді көресіздер. Ол аз уақыт ішінде үлкен жетістікке жетті. «Хабар» телеарнасының директоры болып отырған Бейсенбина Динара да біздің факультетіміздің түлегі. Айта берсек, осындай жетістіктерге жетіп жүрген студенттеріміздің  саны өте көп.

         Ең бастысы шығармашылық орта қалыптасты, Журналистика ғылымын дамытып жатқан ұстаздардың, мықты ғалымдардың көбі осында», - деді.

Республикамыздағы мектептердің бітірушілері кездесуге қашықтықтан ZOOM  платформасында қатыса отырып, «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Цифрлық медиа менеджмент» мамандықтарына деген ынталары артып, мамандықтардың қыры-сырын білгісі келетін, өз ойларында жүрген сұрақтарына жауап алды. Мектеп бітірушілердің қойған сұрақтарына профессор-оқытушылар құрамы нақты жауап беріп, түсіндірді.

      Журналистика және саясаттану факультеті өткізген онлайн-кездесу республиканың алыс қалаларындағы мектеп бітірушілердің қызығушылығын оятып, Журналистика мамандығын тануда үлкен көмек болғанын және осындай кездесулердің жиі болуын өтініп, көңілдерінен шыққандығын айтып, алғыстарын білдірді.