Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті «ӘБІШ ӘЛЕМІ» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы  және «Егемен Қазақстан» газеті АҚ қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Әбіш әлемі» шығармашылық конкурсының марапаттау рәсімі өтті.

Конкурс мына номинациялар бойынша жарияланды және әр номинация бойынша 1 (бір) ғана жүлдегер анықталды.

«Әбіш Кекілбаев – заңғар жазушы» (қаламгерлік қыр-сыры);  

«Әбіш Кекілбаев – заманауи ойшыл» (философиялық көзқарасы);    

«Әбіш Кекілбаев – сырлы суреткер» (шығармашылық шеберлігі);    

«Әбіш Кекілбаев – айшықты ақын» (ақындық қолтаңбасы);              

«Әбіш Кекілбаев – тағлымды тарихшы» (шежіреші-тарихшылдығы);           

«Әбіш Кекілбаев – ғұлама ғалым» (ғылыми-зерттеушілігі);                

«Әбіш Кекілбаев – сындарлы сыншы» (шыншыл-сыншылдығы);     

«Әбіш Кекілбаев – сұңғыла саясаткер» (ішкі-сыртқы саясаттың білгірі); 

«Әбіш Кекілбаев – қоғам қайраткері» (әлеуметтік-қоғамдық қызметі); 

«Әбіш Кекілбаев – ұлағатты ұстаз» (ұстаз–шәкірт сабақтастығы);     

«Әбіш Кекілбаев – кемеңгер көсемсөзші» (публицистік қызметі);     

«Әбіш Кекілбаев – білікті білімпаз» (түпсіз терең білімдарлығы);      

«Әбіш Кекілбаев – талантты тәржімашы» (телнұсқа туындыгер);      

«Әбіш Кекілбаев – абыз, әулие» (болашақты болжампаздығы);                     

«Әбіш Кекілбаев – патриот өлкетанушы» (туған жер тарихы);                      

«Әбіш Кекілбаев – этнограф-ғалым» (тұрмыс-салт зерттеушісі);                   

«Әбіш Кекілбаев – өнер зерттеушісі» (әншілік, күйшілік өнер);                     

«Әбіш Кекілбаев – дархан мінезді дарын» (мінезі бай тұлға);             

«Әбіш Кекілбаев – асыл азамат» (азаматтық-ұстанымдық қасиеттері);           

«Әбіш Кекілбаев – үлгілі отбасы иесі» (отбасылық тәлім-тәрбиесі).

 

Марапаттау рәсімінде Байқаудың комиссия Төрағасы, Жазушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері Төлен Әбдік: «Байқауда кәрі немесе жас, әйел я болмаса еркек деген болмайды, жақсы немесе жаман жазылған шығарма деген ғана болады», – деді.

Байқауға қатысқан 300-ден астам үміткердің ішінен топ жарып, «Әбіш Кекілбаев – сырлы суреткер» номинациясы бойынша жүлдегер атанған Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті м.а., Ph.D Эльмира Ерікқызы алаштанушы-ғалым, профессор Тұрсын Жұртбай, жазушы Толымбек Әбдірайымұлы, ақын Серік Ақсұңқар, ақын Маралтай Райымбекұлы сынды қарымды қаламгерлермен бірге марапатталып, қаржылай сыйлыққа ие болды.

Әріптесімізді жүлдесімен құттықтай отырып, биік шыңдарды бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз.