Евразийский национальный университет имени Л.Н. Гумилева

Основан 1996 году

Факультет журналистики и политологии


Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері білікті журналист, телепродюсер Ысқақ Дүйсембайұлымен кездесті

                                                                    Көңілден шыққан кездесу
    26 ақпан күні «Телевизиядағы менеджмент және продюсерлік» пәнінің оқытушысы Алма Сайлауқызының ұйымдастыруымен, ҚЖ-31, ҚЖ-33 тобының студенттері үшін берері мол, керемет кездесу өтті. Кездесуге жинаған тәжірибесімен бөлісу мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі журналистика факультетінің түлегі, ондаған жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан білікті журналист, телепродюсер Ысқақ Дүйсембайұлы келді.


     Бала кезінде адвокат болуды армандаған ол, журналистикаға келетінін 9-сыныпта нақты шешкен екен. Ысқақ Дүйсембайұлы – бүгінге дейін үш сериялы «Ұлытау ұлағаты» деректі фильмінің, «Қарбалас», «Наурыз-арман» қысқаметражды фильмінің, мюзиклдар мен теленовеллалардың, өмірден озған қайраткерлер туралы 20-дан астам деректі фильмдердің, тағы да басқа көрермен көзайымына айналған бірнеше тележобалардың продюсері, жетекшісі, авторы. Ол журналистика туралы өз ойын ортаға салып, журналист деген жұрт ойламайтын нәрсені ойлау керек екендігін айтты. Сондай-ақ, шығармашыл адамға керегі еңбек екенін, адал еңбектің елеусіз қалмайтынын тілге тиек етті. Ол кісінің бойынан продюсер ретінде талантты адамдарды тани білу, әр түрлі адамдармен тіл табыса алу, ұстамдылық секілді қасиеттерді байқадық.
     Продюсердің ұстанымдарынан бірер үзінді келтіре кетсек:
* Әр адамның бойында өзінің ерекше бір қабілеті болады. Сондықтан, бойыңыздағы ұшқыны бар қабілетті дамыту керек.
* Уақытты ысырап етпеңіздер. Кейін жазамын, кейін оқимын деген нәрсе өтірік. Қазір істеңіз.
* Жұмыста ешқашан апыл-ғұпыл шешім қабылдамаңыз. Жауапкершілікті ойлау керек.


    Ысқақ Дүйсембайұлының осы секілді өмірлік кеңестерін естіген студенттер біраз мотивация алды деп ойлаймын.  Мамандыққа қатысты басқа да сұрақтар қойып, уақыттың қалай өткенін білмей қалдық. Жолданбай қалған сауалдар, айтылмай қалған ойлар да болған шығар. Біз, ең бастысы, айтары бар адаммен кездесу бірнеше сағатқа созылса да, жалықтырмайтынын түсіндік. Бұл бір еркін форматтағы сұхбат, әрбір студент өзіне керегін алған әсерлі әңгіме болды.

Гүлмайдан Қатай
ЖжСФ-нің  3-курс студенті