Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері «Таңғы Хабар» бағдарламасының жұмыс барысымен танысып қайтты

Факультетіміздің 3-курсында тәлім алып жүрген болашақ журналистер телевизияның қайнаған қазаны – тікелей эфир студиясының жұмысын көріп қайтты. «Телевизиядағы продюсерлік және менеджмент» пәні бойынша теориялық біліммен қатар, тәжірибелік алаңдардың жұмысымен танысу да аса маңызды.  Қазіргі бас арналардағы продюсерлер мен режиссерлердің қызметі мен міндетін оқып-танып жатқан студенттер үшін олардың жұмыс орнын көзбен көрудің де орны бөлек. Республикалық «Хабар» арнасынан әр таңда көрерменге жол тартатын «Таңғы Хабар» бағдарламасы –  тікелей эфирдің табиғатын түсінуде таптырмас алаң.

Пульттегі режиссер Ғалымжан Баязит өзінің жұмыс тәртібімен таныстырып, жастардың сұрағына жауап беріп, әр режиссер үнемі өзін дамытып, жаңа технология мен жаңа шабыт түрлеріне бейім болу керек екенін тілге тиек етті. Ал бағдарлама жүргізушісі, журналист Олжас Сыдықбек тікелей эфирде болып тұратын тосын жайттар құпиясымен бөлісті. «Кейде эфир барысында қате сөз, қате ақпарат айтылып кетуі мүмкін. Сол кезде оның тігісін жатқызып, дереу ойнатып жіберетін сәттер болады. Ол кәсібилік пен тәжірибеден туындайды», деді ол. 

Студент жастар студиядағы тыныштық тәртібін, таңғы қонақты шақыру қиындығын, жүргізушілердің тақырыпқа сай бейімделе алу қабілеттері мен шығармашылық ұжымның редакторлар қызметіне куә болды.

Сабақтан тыс уақытта осы бір тәжірибелік мүмкіндікті ұйымдастыруға атсалысқан Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының оқытушысы, «Таңғы Хабар» бағдарламасының атқарушы продюсері Жанна Жайлаубайқызына өз алғысымызды білдіреміз.

Алма Сайлауқызы

аға оқытушы