Жастар және әлеуметтік желі

«Жастар және руханият» жобасы аясында діни экстремизм мен террозимнің алдын алу бағыты бойынша теолог маман Мұратбек Дәрібай Журналистика және саясаттану факультеті, Қоғаммен байланыс тобының бірінші курс студенттерімен онлайн жүздесу өткізді. Кездесу «Жастар және әлеуметтік желі» тақырыбында өрбіді. Бүгінгі күні бүкіл әлем бойынша әлеуметтік желі арқылы ақпарат алмасу кең тарап келеді. Интернетте тек пайдалы ақпарат қана емес, түрлі зиян келтіретін мәліметтер де толып жатыр. Ғаламтор қолданушыларының кейбірі алаяқтық әрекеттерін іске асырса, кейбірі дәстүрлі емес діни ағымдарға тарту үшін желіні пайдаланады. Діни сауаты таяз адамдардың діни ақпаратты ғаламтордан іздейтіндігі белгілі. Ал, мұндай адамның ақпарат тарату мәселесінде өте белсенді жұмыс жүргізетін радикалды ұйымдардың қармағына ілінуі әбден мүмкін. Сондықтан теолог маман студенттерге әлеуметтік желіде осындай теріс пиғылды топтар туралы мәлімет бере отырып, олардың құрығына түсіп қалмаудың жолдарын түсіндіріп өтті. Студенттер өз кезегінде тақырыпқа байланысты толғандырған сұрақтарын қойып, маманның жауабын алды.  Сонымен қатар, маман қатысушыларға діни мәліметті іздеу кезінде әртүрлі ақпарат көздерін пайдаланбай, сенімді ресми сайттарды пайдалануды ескертті.