Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің ұжымы зор ықыласпен қабылдады.

3 қыркүйек күні санитарлық нормаларды сақтай отырып, факультеттің 1-2 курс студенттеріне Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы түсіндірілді.

«Президенттің әрбір игі бастамасы мен Жолдауы ел дамуының негізгі қозғаушы күші, біз үшін жаңа белес. Еліміздің кемел келешегін бағдарлайтын, дүниежүзілік деңгейде өзінің беделін асқақтатып көрсететін негіз және Қазақстан Республикасының дамуының жаңа көкжиектерін белгілеумен құнды», деді факультет деканы Қайрат Сақ. Сондай-ақ, факультет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруды мақсат еткен  Президентіміздің 5 негізгі бастамасына тоқталды.

Сонымен қатар Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлмира Әшірбекова: «Тәуелсіздігімізді сақтап, мемлекетімізді өркендету жолында Президент айқындаған стратегиялық бағытты әрдайым ұстансақ, ұлы істерді, жетістіктерді кейінгі ұрпаққа үлгі етіп жалғастырарымыз ақиқат» деді. Әрине, бұл – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының міндеті болмақ.

Мемлекет басшысының Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауымен танысқан факультеттің профессор-оқытушылар құрамы тарихи маңызды құжаттың анықтығы, қабілеттілігі және бүкіл қазақстандық қоғам алдында тұрған нақты міндеттері жайлы білім алушы жастарға түсіндіріп берді.

Шара соңында факультеттің ғалым, оқытушылары білім алушылардың Жолдау шеңберінде қойылған сауалдарына жауап берді.

Журналистика және саясаттану факультеті ұжымы жоғары білім беру жүйесіне жүктелген міндеттерді орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсауға дайын.