№ 2 орта мектеп-интернат бітірушілерімен ZOOM платформасында ОНЛАЙН кездесу өтті

Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды 

балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын 

№ 2 орта  мектеп-интернат  бітірушілерімен

ZOOM платформасында ОНЛАЙН кездесу өтті

2020 жылы 18 сәуірде Журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен талапкерлерге мамандықты түсіндіру мақсатында Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын № 2 орта  мектеп-интернатының бітірушілерімен ZOOM платформасында онлайн кездесу өтті.

Кездесуге Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Сақ Қайрат Өмірбайұлы, кафедраның Профессор-оқытушылар құрамы және алпысқа жуық мектеп бітірушілері тіркеліп, қатысты. 

Факультет деканы, алаштанушы-ғалым, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы мектеп бітірушілерімен кездесудегі алғысөзін: «Біз болашағынан үлкен үміт күтетін еліміздің ертеңі жастар сендерсіңдер. Еліміздің ең талантты, дарынды балалары оқитын Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын №2 мектеп-интернатының бітірушілерімен кездесіп отырғанымызға өте қуаныштымыз», - деп бастады. «Сіздермен бүгінгі кездесуімізде біз дарынды балаларға арналған, таланттар оқитын мектептің түлектерін Нұр-Сұлтан қаласына шақырғымыз келіп отыр. Себебі, елдің болашағы Елордада. Журналистика мамандығын өздеріңіз білесіздер ел бастайтын, жол бастайтын, халықтың қасынан табылатын, халықтың сөзі, құлағы, тілі болатын, үні болатын мамандық. Сол мамандыққа сіздердің  қызығушылықтарыңыз жоғары деп санаймыз. Ал енді өздеріңіз білесіздер, Елордамыз аз уақыт ішінде гүлденді, сәулетті, керемет әлемге мақтанатындай дәулетті қалаға айналды. Қазір Елорда Қазақстанға ғана емес ТМД елдеріне, жалпы әлемге танымал қала. Бүкіл БАҚ осы Елордаға шоғырланды, жиырма қабатты ҚазМедиа орталығы жұмыс істейді. Біз солармен тығыз байланыстамыз. Кейбір студиялық сабақтар сол ҚазМедиа орталығында өтеді. Кафедраларымыздың филиалдары ашылып жатыр. Ол бір жағынан теориялық білім беру, екінші жағынан тәжірибелі маман дайындап шығару үшін жасалған жұмыс.

Барлықтарыңыз міне, мектепті тәмамдайын деп тұрсыздар. Елдің ертеңі жастардың қолында. Осы елдің қамын ойлайтын, халыққа қызмет ететін жақсы мамандар көп шықса деген арманымыз бар. Сол арманымызды жүзеге асыру үшін өздеріңіздей талантты, дарынды жастарымызды жинауымыз керек.

Өздеріңіздің болашақтарыңыздың жарқын болғанын қаласаңыздар, келешектеріңізді БАҚ төрінен көргілеріңіз келсе, ешқандай қорықпай, қысылмай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келіңіздер. Біздің университетіміз әлемдегі ЖОО ішінде аз уақыттың ішінде маңдайалды университеттер қатарына кірді. Келесі жылы 25 жылдығын атап өтеміз. Сол жиырма бес жылда 250 жылдық университеттердің жұмысын жасағанын мақтанышпен айта аламыз. 

Қазақстанның ғана емес, ТМД елдерінің арасынан озып әлемге танылған университетіміздің мүмкіндігі өте үлкен. Оның бірден бір себебі, сәулетті Нұр-Сұлтан қаласында орналасуы бірінші фактор, екінші, Еуразия деген кеңістікті қамтып жатқаны, үшінші, ең талантты, ең мықты ғалымдардың, ең үздік ұстаздардың осында шоғырлануы. Осының бәрі біздің университетімізді биіктерге көтерді. Әлемдік рейтингтерде 17 мың университеттің ішінде 400-дік топқа енген  университет Қазақстанда екеу ғана. Соны бірі бізбіз. Құрылғанына 50 жылдан аспаған университеттер ішінде біздің университетіміз 30-дық топқа  кірді. Қазақстан тұрмақ ТМД елдерінде ол рейтингке кірген университет жоқ. Бұл аз уақытта тез қарыштап дамып жатқанының көрінісі екенінің дәлелі»,  - деп атап өтті Журналистика және Саясаттану факультетінің деканы. 

Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі С.М.Дүйсенғазы сөз кезегін алып: «Журналистика және саясаттану факультеті биыл мамырдың 5-інде өзінің 10 жылдығын тойлайды. 10 жылда талай асулардан асты. Қазір Қазақстандағы бірден бір білікті, білімді маман дайындайтын орталыққа айналды. Ең бастысы, шығармашылық орта қалыптасты. Мұнда Журналистика ғылымын дамытып жатқан  ең мықты ғалымдар, ұстаздар еңбек етеді.  Бізде үш сатылы білім жүйесі бар.  Білім алушылар бакалавр, магистратура, докторантура жүйесінде оқиды. Сендер де бакалавр болып бастап, академик болып шығуларыңа болады»,- дей келіп, талапкерлерге  университетімізде  талантты, өнерлі, шығармашылығы жоғары студенттер оқитынын айтты. Қазіргі таңда «Топжарған» жас ақындар клубында жас айтыскер ақындар мен жазба ақындар қарқынды жұмыс жасап келе жатқанын және ол клубқа өзі жетекшілік етіп жүргенін тілге тиек етті.

ZOOM платформасы арқылы қашықтықтағы кездесуге қатысқан республикалық мектептің бітірушілері «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Цифрлық медиа менеджмент» білім бағдарламалары туралы мамандықтардың қыры-сырын білгісі келетін білдірді. Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған жаңа үлгідегі онлайн-кездесу Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын № 2 орта  мектеп-интернат бітірушілерінің  қызығушылығын оятты.