«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты II халықаралық байқауының ең үздіктері жарияланды

Бүгін 2 ай бойы жалғасқан «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық бейне материалдар байқауының жеңімпаздарын ресми марапаттау өтті.

Ресми марапаттау рәсімі онлайн режимінде ZOOM платформасында жүргізілді. Онлайн іс-шараға АҚШ, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан университеттерінің студенттері мен магистранттары, профессорлары мен оқытушылары қатысты.

Байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Жолдасбекова Ақбота Ниязқызы құттықтау сөзбен ашты. Университет проректоры халықаралық байқау Қазақ Елінің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін халықаралық деңгейде насихаттауды, жастардың болашаққа сенімі мен отансүйгіштік сезімдерін күшейтуді мақсат еткенін айтты. 

Осындай жоғары дәрежеде ұйымдастырылып өткізілген байқаулар университеттің халықаралық беделін өсіріп, ғылыми байланыстарын кеңейтетініне сенім білдірді. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 25 жылдық мерейтойлар 2-ші рет өткізіліп отырған халықаралық байқаудың идеологиялық мазмұнын байытқанын жеткізді. ЕҰУ Проректоры Ақбота Жолдасбекова халықаралық байқауға қатысушыларға, байқау жеңімпаздарына, ұйымдастырушыларға мол табыстар мен шығармашылық шабыттарының шарықтай беруін тіледі.  

Бұдан кейін халықаралық байқауды ұйымдастыру Комиссиясы Төрағасының орынбасары, Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Ө.Сақ, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі С.М.Дүйсенғазы және байқау идеясының авторы, жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұ.М.Есенбекова байқаудың идеясы, концепциясы мен байқауға келіп түскен жұмыстардың мазмұны мен кәсіби деңгейі туралы баяндады.

Байқауды ұйымдастырушылар барлық жұмыстар онлайн форматта өткеніне қарамастан, халықаралық шараның идеясында жазылған құндылықтардың дұрыстығы дәлелденіп, мақсаттардың барлығына қол жеткендігін атап өтті.

Байқау идеясының авторы профессор Ұлбосын Есенбекова байқауға қатысушы студенттер мен магистранттардың жасампаз энергиясы, шығармашылық қуаты «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауында барынша көрінгенін  жеткізді. 

Байқауға қатысушы жастардың теориялық және практикалық қабілеттері осындай шығармашылық ортада барынша шыңдалатынын, отандық және шетелдік университеттердің арасындағы осындай байланыстардың тиімді екені анық.

Халықаралық байқауға қолдау көрсеткен ЕҰУ Ректоры Е.Б.Сыдықов «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При, I-ші дәрежелі, II-ші дәрежелі және III-ші дәрежелі дипломдар мен арнайы номинациялармен марапатталған жұмыстарға сыйлықтар тағайындады. Бұл сыйлықтардан бөлек Байқау идеясының авторы профессор Ұ.М.Есенбекова жеңімпаздарға өзінің атынан қосымша сыйлықтар тапсырды.  

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Проректоры Ақбота Жолдасбекова «Біріккен Ұлт жеңеді!» халықаралық байқауының Гран При жүлдесін америкалық Мичиган университетінің магистранты Молдағалиева Мөлдір жеңіп алды. «Елімді аңсап...» атты бейне материалы байқауға келіп түскен ең үздік жұмыс деп аталды.

Байқаудың I-ші дәрежелі, II-ші дәрежелі және III-ші дәрежелі дипломдарымен Қазақстан, Түркия, Қырғызстаның, Ресейдің университеттерінің білім алушылары марапатталды.

Бұдан басқа байқаудың 17 номинациясы бойынша  жеңімпаздар да анықталды. «Біріккен Ұлт жеңеді!» байқауы тарихи тұлғаларымыз бен қазақтың қайраткер азаматтарының еңбектерінің ұмытылмайтынын дәлелдеп берді.

Байқау қорытындысын ресми жариялауға арналған конференцияда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің баспасөз Хатшылығының басшысының орынбасары Думан Хамитұлы, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының директоры Еркін Таңатқанұлы, «Хабар» Агенттігінің өкілдері мен «Атырау-Ақпарат» медиахолдингінің Бас директоры Ысқақ Егембердиев байқау жеңімпаздарын құттықтады.

Олар байқауды өткізу идеясының авторы, Қазақ теледидарының Жоғары дәрежелі дикторынан бастап, «Қазақстан» ұлттық телеарнасында басшылық қызметтер атқарған белгілі тележурналист, ЕҰУ профессоры Ұ.М.Есенбекованы 50-жасқа толған мерейтойымен құттықтады.

ЕҰУ профессоры Ұ.М.Есенбекованы 50-жылдық мерейтойымен құттықтаған әлемге аты танымал америкалық профессордың хатын Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қ.Ө.Сақ оқып берді. Өз құттықауында Оңтүстік Калифорния университетінің Анненберг мектебінің провост профессоры Генри Дженкинс АҚШ ғалымдары екі елдің арасындағы, университеттер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін, ғылыми байланыстардың болашағы жарқын болатынына сенімін жеткізіп, мерейтой иесіне көп жақсылықтар мен жетістіктер шын жүректен тілеген.

Жеңімпаздарды ресми марапаттау рәсімінде байқауды өткізуге белсенді қатысқан Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының аға оқытушысы Пернебекова Айжан Пернебекқызына, басқа да оқытушылар мен білім алушылардың еңбектері ерекше аталып өтіп, алғыстар айтылды.