«Күлтегін» тобы пәндік олимпиададан жүлделі оралы

Жыл сайын Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің журналистика мамандығы бойынша X республикалық пән олимпиадасы дәстүрлі түрде өтіп келеді. 2018 жылы бұл сайыс 29-30 наурыз аралағында академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ұйымдастырылды.

Олимпиадаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 16 команда қатысты. Қатысушылар арасында сөз зергерлері де, дүлдүл ақындар да, ақпарат майталмандары да болды. Еліміздің белді оқу орындарынан келген  болашақ журналистердің білімі мен білігін анықтауға бағытталған  олимпиадаға Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің намысын қорғауға 3 курс студенттері Нұршырақ Жігерқызы, Сымбат Төлекбергенова, Серікбол Хасенов және топ жетекшісі ретінде аға оқытушы Айгүл Төлепбекова бастап барды.

Олимпиада барысында студенттер Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінде тәжірибелі де білікті ұстаздар беретін білімнің қаншалықты терең екендігін, оның тек теориялық емес, практикалық тұрғыда да қолдану қиынға соқпайтынын елімізге белгілі журналистерден құралған әділ қазыларға дәлелдей алды. «Таныстыру» кезеңінде «Теледидар және дәуір» атты қазақ телевизиясының 60 жылдығына арналған алдын-ала дайындалған бейнесюжетті ұсынып, ақпараттың Күлтегін дәуірінен қазіргі күнге дейінгі бейнесін ашып, «Күлтегін» тобының мақсат-міндеттерін айқындап берді.

Университет ұжымы алғашқы күні олимпиада қатысушыларына қаланың көрікті жерлерін аралатты. Қарағанды қаласының тарихына қанық болған болашақ журналистерге арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, дастархан жайылды. Онда ҚарМУ студенттері жырдан шашу шашып, көңілді кеш сыйлады. Қонақжайлығы мен сыйластығына риза болған «Күлтегін» тобының мүшесі Серікбол Хасенов өзінің қаламынан шыққан туындысын барша қонақтарға тарту етті.

Екінші кезең берілген тақырыптар бойынша эссе жазу, журналистика пәндерінен тест тапсыру және «жедел ақпараттан» тұрды. Эссе жазудан ең жоғары ұпайларды қанжығаларына байлаған ЕҰУ студенттері қаламдарының қарымды, ойларының жүйрік және қиялдарының ұшқыр екендігін көрсетті. «Қазақ журналистикасының тарихы», «Қазіргі журналистиканың жанрлық пішіндері мен қызметі», «Телерадиожурналистика» пәндері бойынша құралған тест сұрақтарына мүдірмей жауап берген қатысушылар нық қадаммен олимпиаданың келесі кезеңіне жолдама алды.

Соңғы «Жедел ақпарат» сайысында командалар берілген уақыт ішінде берілген тақырыпқа ақпарат жазып, оны ақпарат агенттіктеріне, порталдар мен сайттарға жариялады. Біздің университеттің студенттері бұл сыннан да қламай, жоғары ұпайларды еншілеп, журналистке тән жеделдік пен нақтылық қасиеттерін шыңдады.

Барлық кезеңнен жиналған ұпай сандарына сәйкес командалар марапатталды. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» тобы жүлделі 3 орынға ие болып, журналистика және саясаттану факультетінің абыройын республика деңгейінде асқақтатты. Команда жетекшісі аға оқытушы Айгүл Төлепбекова мен 3 курс студенттері Нұршырақ Жігерқызы, Сымбат Төлекбергенова, Серікбол Хасеновке арнайы сертификаттар табысталды. Олимпиада әрбір қатысушыға тәжірибе алмасатын, ой бөлісетін алаң және шеберлікті шыңдап, біліктілікті қайрап, білімді кеңейту үшін таптырмас орын болғаны сөзсіз.

Айта кетейік, 2017 жылы Қызылорда қаласында өткен Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттерінің журналистика мамандығы бойынша ІX республикалық пән олимпиадасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 1 орынға лайық деп танылып, республика бойынша үздіктердің үздігі атанды.

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университеті

Журналистика және саясаттану

факультетінің 3 курс студенті

Сымбат Жанатқызы Төлекбергенова