"Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының оқытушылары Т.Жүргеновтің 120 жылдығына арналған ғылыми конференцияға қатысты

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында мемлекет және қоғам қайраткері, білім мен өнер жанашыры Темірбек Жүргеновтің туғанына 120 жыл толуына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары деңгейде өткізілді.                                                                                
Жиын тақырыбы: «Қазақстан мен Орта Азиядағы білім беруді, мәдениетті және өнерді ұлттық сананың кемелденуіндегі бірегей тәжірибе ретінде жаңғырту». Аталған конференцияға: ҚазҰӨУ ректоры м.а., профессор Ш.Әмірбеков, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология инситиуты директорының орынбасары, профессор С.Борбасов, М.Ұлуғбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің профессоры З.Ишанходжаева, Ресей-Тәжік славян университетінің кафедра меңгерушісі, доцент А.Артықов, қоғамдық қор, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, ЖОО-ның оқытушы-профессорлары, докторанттары, Темірбек Қараұлының туысқандары, сонымен бірге Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Б.Иманғалиев қатысты. Іс-шара барысында арнайы көрме ұйымдастырылып, деректі фильм көрсетілді. Т.Жүргеновтің қайраткерлік, қаламгерлік, азаматтық болмысы жайында сөз болды. Жүргеновтанушы-ғалым Б.Иманғалиев Нарком Жүргенов туралы арнайы баяндама жасап, қайраткердің республика тарихында алар қоғамдық-саяси орны, қаламгерлік мұрасы, жас ұрпаққа берер өнегесі және тың ұсыныстарын жеткізді. Шығып сөйлеушілер де Ағарту комиссарының қилы ғұмыры, атқарған қызметі туралы естеліктер айтты. Жиын соңында көтерілген ұсыныстар жинақталып, хаттамаға түсірілді. Университет шаңырағында мазмұнды  өткен ғылыми конференция өз мақсатына жетті.