«Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының студенттері белгілі саясаттанушы, теле және радиожурналист Нұрмұхамед Байғарамен кездесті

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің «Журналистика және саясаттану»  факультетінің 3-курс студенттері белгілі саясаттанушы, теле және радиожурналист Нұрмұxамед Байғараның сараптамалық саяси журналистика  және медианың мүмкіндіктері туралы дәрісін тыңдады. Кездесу «Тележурналистің шығармашылық шеберханасы»  пәнінің оқытушысы Алма Сайлауқызы ұстазымыздың ұйымдастыруымен өтті. «Болашақтың» Ұлыбританиялық түлегі тың ақпарат пен дәлелдерге қанық әңгіме өрбітті. 

Нұрмұхамед Байғара – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «саясаттану» мамандығы бойынша түлегі, «Хабар» агенттігінде және «Qazaqstan»  телеарнасында сценарист, редактор, продюсер болып түрлі қызмет атқарған. Сонымен қатар Нұрмұхамед ағамыз  «Cardiff University»,  «INTO Newcastle University» және «Lancaster University Management School»  университеттерінде тәлім алған.  Қазір «Қазақ радиосында» сараптамалық «Өз сөзім» бағдарламасыны авторы, әрі жүргізушісі.

Қонағымыз өзінің журналистік қызметін қалай басталғанын, өмірлік тәжірибесін, журналист болу үшін не істеу, не істемеу керек екенін, атқарған қызметтері туралы айтып берді. Студенттер  түрлі қызықты сұрақтар қойып, әңгімеге тартты. 

Нұрмұхамед мырза сұхбат барысында отандық және әлемдік трендтерге және әйгілі “Big Picture” призмасын қолданудың және «Open mind» - ашықтыққа құмарлық теориясының маңызына тоқталып өтті.  Жаңа медиаға қатысты үйренгені мен білгенін бізге айтып берді. Саяси журналистикаға қатысты студенттер біле бермейтін дүниелерімен бөлісіп, келешегімізге қатысты кеңестерін айтты. «Болашақта медиа-менеджер болып жатсаңыздар, жаңашылдықтан қашпаңыздар», деді ол өз сөзінде.  Сонымен қатар, қайнаркөзден мәлімет алудың, ақпараттың растығын тексерудің, ақпараттық соғыстың құрбаны болмаудың мән-маңызына жеке-жеке тоқталып, жаңа медианың талаптары мен трендтердің өзгермелілігі туралы ой толғады.  Мықты журналист болу үшін қабілетті жетілдіріп отыру, ағылшын тілін жетік білу және бірнеше мамандықты қатар игеру қажеттігін айтты. Осылайша 2 сағаттық кездесудің қалай жылдам өткенін аңғармай да қалдық. Болашақта осы бір келелі кеңестерді өз тәжірибемізде қолданамыз деп сенеміз.

Камила Дүйсембекова

3-курс студенті