"Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының студенттері білікті спорт журналисті Ермек Төрениязовпен кездесті

Спорттық көңіл-күй тұнған кездесу

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенттері білікті спорт журналисті Ермек Төрениязовпен кездесті. Жастар «QazSport»  телеарнасының белді қызметкері, танымал спорт комментаторы Ермек Төрениязовқа өз сұрақтарын қойып, сауалдарына тұшымды жауап алды. Кездесу еркін форматта өтті. 

Алғашқы қадам

Мектеп кезінде математика, физика, экономика секілді сабақтарға бейімі жақсы болған, алайда мектеп бітірген соң журналистика мамандығына оқуға түскен Ермек ағамыз 4-курсқа дейін студенттік өмірдің талай қызықтары туралы сыр шертті. «Соңғы курста оқу тәжірибесінен өту үшін «31-телеарнаға» бардым. Жылы қарсы алған Серік Әбікенұлы жаңалықтар бөліміне жіберді. Бастапқы бір аптада аударма секілді ұсақ жұмыстармен айналысып жүрдім. Өзім спортқа жақын болғаннан кейін, спорт жаңалықтары бөлімшесіне ауысып, сол жерде өз тәжірибемді толықтыра бастадым. Бастапқы кезде жазған мәтіндерім қызыл бояуға боялып, қателіктері көп болса да, берілмедім, жазуымды тоқтатпадым... Спорт бөлімінде өткізген үш айдан соң, университетте дипломдық жұмысымды қорғап болысымен, бірден  «Алматы» телеарнасына жұмысқа алды», деді ол. «Қай тақырыпты қалай қозғау керек, қалай жазу керек осының бәрін түсіндірген, спорт журналистикасының қыр сырын үйреткен Бахтияр Әсіренкеев болды, - деп Ермек Төрениязов өзін осы салаға баулыған ұстазын да сөз етті. 

Қазақ спорт журналистикасы

«Қазіргі күні мені мазалаған жағдай – бұл телеарналардағы спорт уақытының қысқартылуы. Бұрын жаңалықтар соңында 5 минут болса да уақыт бөлінетін еді, ал қазір мұны да алып тастап, бәрін бір «QazSport» арнасының  мойнына іліп қойды.  Бір жағынан «QazSport»-тың ашылғаны да дұрыс болды, бұрын бес-ақ минут көретін спортты, қазір кез келген уақытта қарай аламыз. Соңғы кезде «Спорт журналистикасын қалай дамытамыз?», «Спорт журналистикасының кафедрасы да жоқ»  деп жиі айтылады. Шындығында оның қажеттілігі бар ма дегенге де тоқталу қажет секілді. Себебі, ертең біз мамандарды дайындап алып, оларды жұмыспен қамтамасыз ете алмай қалуымыз да мүмкін. Одан да әмбебап журналист болуға дайындалғаны жөн» , - деп өз ойын білдірді.

«Қазіргі комментаторлардың барлығын әуесқой деп айтар едім. Тіптен, менің өзім де әуесқой комментатормын. Кәсіпқой комментатор болу үшін белгілі бір салаға толықтай бет бұрып, сол спорт саласын ғана жүргізуі керек. Өкініштісі, көп журналист үшін комментаторлық бұл – қосымша жұмыс».

Пайдалы кеңес

«Спорт журналистінің бірінші кезекте спортшылармен байланысы жақсы болуы керек. Әйтпесе өзіңе қажет кезде ешкімнен сұхбат ала алмай қаласың. Кез келген жағдайда түсіністікпен қарай білген де аса маңызды.  Қазіргі кезде көп жастар өзі сырттай танитын спортшы туралы  интернеттен мәлімет алып, өңдеп жариялай салады. Бұл қате. Әрбір спортшымен байланыс жүргізген абзал. Оның бапкерінен де мәліметтер алып, әрқашан ақпарат жинастырып жүргені жөн». 

«Ақпаратты уақытынды  айтып қалмасаң, кейін кеш болады. Мысалы, Роналду гол соққан кезде: «Бұл 121-голы » деп хабарламасаң, дәл сол ақпарат басқа кезде керексіз болып қалады, өзектілігін жояды. Темірді қызған кезде соғу керек.

«Өзіңнің журналист екеніңді ұмытпа. Спортшының ырқына да бағына біл. Себебі оның кестесіне, жоспарына  сәйкес өзің сұхбат алатын уақытты қоясың. Сен соған дайын болуың қажет. Өз жеке басыңның қамын ғана емес, жасайтын дүниеңнің жағдайын ойлауың керек.  Сонда ғана сенен білікті маман шығады».

Алдыңғы буын өкілі Ермек ағамызбен кездесу мәнді өтті. Кездесу соңында білікті маман өзінің болашақ әріптестеріне жылы лебізін білдірді, ал жастар қауымы бұл   кездесуден көп  ой түйіп қайтты. 

Дайындаған: Шынар МҰРАТҚЫЗЫ

Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті