"Телерадио және қоғаммен байланыс" кафедрасының студенттері «Болашақпен» Еуропа көрген журналистпен кездесті

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенттері тәжірибелі тележурналист, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Нұрбек Әмишамен кездестік. Ол – таяуда ғана Ұлыбританияның Лидс университетін саяси коммуникация бойынша тәмамдап, магистр дәрежесін алып келген білікті маман. Кездесу барысында студенттер мен оқытушылар Нұрбек Шынтемірұлына өздерінің көкейінде жүрген сұрақтарын қойды.

«Тележурналистің шығармашылық шеберханасы» пәнінің оқытушысы Алма Сайлауқызының ұйымдастыруымен, танымал тележүргізуші, ұстазымыз Рабиға Аманжолованың қатысуымен өткен бұл дәрістен түйгеніміз мол болды. Болашақ журналист болғандықтан, әріптес ағамыздың айтқандарын қойын дәптерімізге түртіп отырдық:

«Болашақтың» берері көп

«Ағылшыным керемет болмағандықтан, «Болашақпен» шетелге шығамын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Алайда осы бағдарламаға медиа саласы қосылғаннан кейін, ойымды өзгерте бастадым. Аз уақыттың ішінде ағылшын деңгейімді көтеріп, құжаттар жинадым. Жолым болып, Ұлыбританияның 750 мың тұрғыны бар Лидс қаласында оқуға мүмкіндік алдым. Осылайша менің әлемдік медиа білімге қатысты жаңаша жолым қаланды.  

Жаңа қоғамға үйренісу оңай болмады

Әу баста жаңа ортаға үйрену қиындық тудырды. Тіл жағынан, менталитет бойынша біраз уақыт үйренісе алмай жүрдім. Университеттегі жүйелері басқаша. Біздегідей қатал тәртіп пен бұзылмас заңдар жоқ. Ұстаздар үшін сен – тұлғасың. Сабақ кестесі мен мұғалімдерді де өзің таңдап, сабақ жоспарын да өзің құрастырасың. Топтық жұмыстар көптеп жүргізіледі. Бұндай жүйе әр елден, әр діннен келген адамдарды ортақ тіл табысуға шақырады. Әр адамның пікірін, әр түрлі  көзқарасты түсіністікпен қабылдауды үйрендім.

 Демократиялық қоғам құрудың жолдары

Біздің ел демократиялық құндылықтарды тереңнен танып-білуге ұмтыла бастағанына көп болған жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері осы жолда қадамдар жасап келеміз. Демоктариялық қоғам БАҚ қалың елдің сөзін сөйлесе ғана қалыптасады. Мысалы, Батыстың қайбір телевизиясын немесе радиосын алып қарасаңыз, оларды тікелей халық қаржыландырады. «Алмақтың да, салмағы бар» демекші, халық оған ақша салғаннан кейін, қайтарымын күтері анық.

Журналистер білікті болуы керек

Сот тәуелсіздігі сияқты, медиа тәуелсіздігі де қалыптасса, қоғам дамиды.  Еуропада конвергентті журналистика қатты дамыған. Премьер-министрмен еркін сұхбаттаса алу үшін білім-пайымы да терең болуы тиіс, ал олар сол үдеден шыға біледі.  Жаңа заманғы әрбір журналист шығармашылығымен қоса, сауаттылығы мен сараптамалық қабілетін және жаңа техниканы тереңнен меңгеруге міндетті. Ендігі жерде бізде үлкен толқын қалыптасып келеді. Олар –  мына отырған сіздер. Осы толқынды біздің ұлттық құндылыққа сай келетін демократтық принциппен тәрбиелеп, сыни ойлауды ойлауды санасына сіңіруіміз керек. Ол үшін саясаттану, экономика, ақпараттық соғыс, медиакоммуникацияға қатысты білімді үнемі ұштай беріңіздер дер едім».

 

Дайындаған:  Әсемгүл Амандыққызы

                Журналистика және саясаттану

факультетінің 3-курс студенті