Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық  университеті Журналистика және саясаттану факультетінің «Топжарған» ақындар клубы (жетекшісі Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Серікзат Дүйсенғазы) Халықаралық әйелдер күніне орай ұстаздарға арнап МК платформасында салтанатты шара өткізді.

Онлайн шараның шымылдығын түрген факультет деканы, профессор Сақ Қайрат Өмірбайұлы ұжымның әйелдер қауымын шуақты мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін арнады.

Факультетіміздің студенттері Байментаев Ерасыл мен Джандауов Нұрдәулет тізгендеген салтанатты шараны «Топжарған» ақындар клубының белді мүшесі, жас айтыскер ақын Есболат Шалқар күмбірлеген домбырамен арнаумен айшықтаса, факультетіміздің 1 курс студенті Тастанова Алмагүл ақын Алмас Темірбайдың «Рахмет саған, Ана» атты жырын оқыды.

Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы да кафедра азаматтары атынан құттықтау тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Дәурен Пірімбетов аналарға, аруларға лебізін арнап, Жүрсін Ерманның «Әйелге ода» өлеңін оқып берді.

Мерекелік шара клубымыздың мүшесі Құлшар Бекзаттың орындауындағы әсем әнмен жалғасса, «Топжарғанның» мерейін өсіруге ниет еткен өнерпазымыз  Азат Заңғар аналардың құрметіне гитарамен ән шырқап, оны Шуныкова Тұмар «Аналармен өмір гүлі көктейді» атты өз туындысымен тұздықтай түсті.

Сонымен қатар, Арманбек Жәкейхан, Мұрагер Балнұр, Болатова Назира, Бақытнұрұлы Ерқабыл, Жанболат Маратұлы сынды факультетіміздің өнерлі ұл-қыздарының мерекелік ән-шашулары көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады.

Кешті «Топжарған» ақындар клубының төрағасы, факультетіміздің 3-курс студенті Байментаев Ерасыл «Алғыс» әнімен қорытындылады.

Аналар мен аяулы қыздардың құрметіне арналған осынау кеш барлығының көңілдерінен шығып, мерекелік құрмет үшін ұстаздар қауымы «Топжарған» ақындар клубына ризашылдықтарын білдірді.

Ән мен жырдың, өлең мен өнердің ордасына айналған «Топжарған» ақындар клубы әлемнің ажарына айналған аналар мен аруларды алдағы 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен тағы да шын жүректен құттықтайды!

 

Нысанқұл Дариға,

Журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті

        «Топжарған» ақындар клубының мүшесі