Алаш қайраткерлері ұлықталды

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Ғылым декадасы – 2018» іс-шаралары аясында Журналистика және саясаттану факультеті, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының ұйымдастыруымен «Алашорда баспасөзі: «Қазақ» газетінің 105 жылдығы, «Абай» журналы мен «Жас азамат» газетінің 100 жылдығы және ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсыновтың 135 жылдық мерейтойларына» арналған «Алаш тағылымы» ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Мазмұнды шараға «Жас Азамат» газетінің редакторы Қошке Кемеңгеровтің немересі, «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығы институты директорының орынбасары Қайырбек Кемеңгеров қатысты. Конференция барысында ғалымдар «Алашорда баспасөзінің үш тұғыры», «Алаш баспасөзіндегі әйел теңдігі мәселелерінің жазылуы», «Ахмет Байтұрсыновтың Алаш баспасөзінде жарияланған материалдары» тақырыптарында баяндама жасады. Сондай-ақ конференцияның мазмұнды өтуіне ұлттық нақышта орындалған әндер мен күйлердің әсері мол болды.

Басқосуды факультет деканы, алаштанушы ғалым Сақ Қайрат Өмірбайұлы қорытындылап, шараны өткізген профессор Алдабергенов Қырықбай Мазанұлына зор алғысын білдірді. Конференцияның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, шараға белсенді түрде қатысқандарды грамотамен және сертификатпен марапаттады. Марапаттаушылардың қатарында Журналистика және саясаттану факультетінің магистранттары Ардақ Мүтәрбек пен Гауһарай Есімова да бар.