Баспасөз баяны

2018 жылдың 9 қарашасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастыруымен «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Журналистика сериясы» журналының жарыққа шығуы мен филология ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Тапанованың 65 жылдық, саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Сағдат Әділбековтің 70 жылдық мерейтойларына орай «Ұлттық сананы жаңартудағы БАҚ-тың рөлі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.                                      

Айтулы шараға ғалымдар, ұлт зиялылары, университет профессор-оқытушылары мен білім алушылары қатысады.

· 2018 жылдың наурыз айында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Хабаршысының қосымшасы ретінде «Журналистика сериясы» журналын шығаруға Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің №16995-Ж куәлігін алған болатынбыз. Соның негізінде жылына төрт саны жарық көретін ЕҰУ Хабаршысының «Журналистика» сериясы бойынша үш нөмірі шығып үлгерді.

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ редакторлық ететін аталмыш журналды мазмұнды, жоғары сұранысқа сай етіп, сапалы шығару және ғылыми ортада танымалдығын арттыру мақсатында қазақстандық, таяу және шалғай шетелдердің сала мамандарына есімдері белгілі, атақты ғалымдардан тұратын салиқалы редакциялық алқа құрылды. Мәселен, АҚШ, Франция, Малайзия, Түркия, Ресей, Украина, Қырғызстан сынды бірнеше мемлекеттер мен еліміздің әр аймақтарындағы әріптестеріміз журналымызға белсене атсалысуда.

Журнал бетінде журналистика, соның ішінде жаңа медиа, коммуникация, сонымен бірге қоғаммен байланыс, баспа ісі мәселелері: тарихы, теориясы, тәжірибесі бойынша соны ғылыми-зерттеу мақалалар көрініс тапты.

ҚР БжҒМ ЖАК (ВАК) тізіміне енген журналымыздың арнайы талаптары 3 тілде http://buljourn.enu.kz сайтында жарияланған болатын.

· Сәуле Есембекқызы Тапанова 1953 жылдың 8 тамызында Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетін 1974 жылы абыроймен тәмамдап, еңбек жолын сол кездегі Жезқазған облы­сын­дағы «Жез­қаз­ған туы» газетінде әдеби­ қыз­мет­кер­ліктен бастады. Араға жыл­ салып Жезқазған педагогтік институты педогогика және психология кафедрасында оқытушы, аға оқытушы (1975-1989) қызметін атқарды. Мәскеу қаласындағы  Педагогика ғылымдар академиясы жанындағы Бүкілодақтық ғылыми-педагогикалық кадрларды қайта даярлау және білімін жетілдіру институтында арнайы курстан (1988-1889) өтті. Ө.Ә. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы (1989-1997), доценті (1999), профессоры (2008), кафедра меңгерушісі (1997-2004, 2007-2010) қызметтерін абыроймен атқарды. 2010 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор Қайрат Сақ басшылық ететін Журналистика және саясаттану факультеті баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессоры.

  Әдебиет зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Тапанова ҚР Білім беру ісінің үздігі (2000), ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері (2010), Ө.Ә. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Құрметті профессоры (2009), студенттердің республикалық ғылыми-практикалық конференцияға дайындалған үздік жұмысы үшін ҚР Білім және ғылым минстрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған (1998). Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі (2008), Халықаралық журналистер мүшесі (2016), «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық Бірлестігінің «Шолохов» медалінің иегері(2013), Почетное звание «Заслуженный деятель науки и образования» (2015), «Байқоңыров» «медалінің иегері (2016), «ҚР Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы-2016», Халықаралық  ақпараттандыру академиясының толық Мүшесі (академик) болып сайланған (2018). Қарағанды облысы мәслихаты, Жезқазған қаласы маслихатының мақтау грамоталары, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Алғыс хаты (01.09.2018), университет, факультет деңгейіндегі түрлі марапаттаулардың иесі.

С.Тапанова өзі еңбек ететін Журналистика және саясаттану факультеті басшылығының қолдауымен 2012-2013 оқу жылының маусым айында Ұлыбританияның Борнмурт университетінде өткен «Public Relations» (қоғаммен байланыс) тарихы атты конференцияға «Қазақстандағы саяси РR және жарнама» («Политический PR и реклама в современном Казахстане») атты мақаласымен қатысып келді. 2014-2015 оқу жылының қараша айында Голландия, 2016-2017 оқу жылының наурыз айында Франция (Париж) елінде тағлымдамадан, мамыр айында Жапонияның Цукуба қаласында білім жетілдіру курсынан өтті.

Ғылыми-зерттеу бағыттары: қазақ әдебиеті және журналистика, журналистика пәндерін оқыту әдістемесі мәселелері, БАҚ-тың тілі мен стилі, әдеби редакциялау әдістемесі.

Бүгінде «Қазақ романдарындарындағы ғашықтық сарын» (2007), «Қазақ басылымдарындағы әйелдер бейнесі» (2013) «Қазақ романдарындағы әйелдер бейнесі» (2017) атты монографиялары жарық көрді. «Қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтар» (1997), «Әйелдер образын жасаудағы алғашқы тәжірибелер» (1998), Реалистік образ жасаудағы ізденістер (1999), «Қазақ тарихи романдарындағы махаббат желісі» (2007), «Психологиялық романдардағы махаббат тақырыбы» (2007), «Қазіргі қазақ әдебиеті (кредиттік оқу жүйесіне негізделген дәрістер)» (2009) сияқты оқу құралдары, «Мектеп оқушыларына шешендік өнер сабағын оқыту» (1996), «Жоғары сынып оқушыларына ақын-жазушылардың өмірбаянын оқыту» (1997), «Мектептерде қазақ әдебиетін жүргізудің тиімді жолдары» (1998), «Шәкәрім шығармаларын оқыту» (2000), «С.Торайғыров шығармаларын оқыту» (2001), «Әдебиет пәнін оқытудың тиімді жолдары» (2003), «Әдебиет пәнінен жүргізілетін жазба жұмыстары», «Журналистика және шешендік өнер» (2013), «Қазақ әдебиеті», «БАҚ-тың тілі мен стилі» (2016), ағылшын тілінде 2017 жылы Франциядан, 2018 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасынан оқу-әдістемелік құралдары баспадан шыққан. «Кішітау келбеті» (2000), «Туған жер – тұнған шежіре» (2008) атты жинақтарын құрастырушы. 300-дей ғылыми мақалалардың авторы. Маңызы зор бірнеше ғылыми мақалалары ҚХР, Ресей, Франция, Польша, Түркия, Индия, Австрия елдерінде жарияланды.

· Саяси ғылымдарының кандидаты, доцент Сағдат Сағандықұлы Әділбеков 1948 жылы Ақмола облысы Атбасар ауданында туған. Жастайынан баспасөзге мақалалар жазған С.Әділбековті аудандық газет жұмысқа қабылдаған. 1968-1974 жылдары Киров атындағы ҚазМҰУ-дің Журналистика факультетінде білім алған. Одан кейін Малиновка аудандық «Октябрь жолы» газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары, «Қайнар» баспасында редактор, Торғай облысында КазТАГ тілшісі қызметтерін абыроймен атқарған. 1985 жылы ҚазМҰУ-дің Журналистика факультетінде аға оқытушы, 1990-1995  жылдары «Вечерняя Алматы» газетінде Бас редактордың орынбасары, 1995-1996 жылдары «Әлембанк Казахстанда» баспасөз хатшысы болып жұмыс жасаған. 1998 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, 1999 жылы Абай атындағы АлМУ-де дәріс берген.

2013 жылы «Взаимодействие власти и средств массовой информации: политологический анализ» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

2018 жылдан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінде доцент.

Сағдат Әділбековтің «БАҚ-тың маркетингі мен менеджменті» (2004), «Взаимодействие власти и прессы Казахстана» (2005), «Диалог власти и СМИ Казахстана» (2006), «Менеджмент СМИ» (2007), Монография «Масс-медиа в политических системах Казахстана и Кыргызстана» (2010) атты еңбектері жарық көрген.

Ғылыми-зерттеу бағыттары: саясат және БАҚ. қазақ әдебиеті және журналистика, журналистика пәндерін оқыту әдістемесі мәселелері, БАҚ-тың тілі мен стилі, әдеби редакциялау әдістемесі. Журналистің шығармашылық шеберлігі, қазіргі баспасөздің өзекті мәселелері, медиадизайн.

Өтетін жері: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің Мәжіліс залы (1 қабат, 106 кабинет).

Астана қаласы, Янушкевич көшесі, 6 үй.

Басталуы: сағат 15.00-де.

Байланыс телефондары: 8 (7172) 709500,

ішкі: 35200, 35306.

87013506666

Ұйымдастыру комитеті