ЕҰУ докторанттарына Біріккен Араб Әмірліктері университеті канцлері құттықтау хат жолдады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және саясаттану факультетінің докторанттары Көшкенов Нұржан, Бүркітбаева Меруерт және Үтемісов Жәнібек 5 қараша мен 19 желтоқсан  аралығында Абу-Даби әмірлігіндегі Әл-Айн қаласында орналасқан Біріккен Араб Әмірліктері университетінде (UAEU) ғылыми тағылымдамадан өтті. Докторанттар елге оралысымен Біріккен Араб Әмірліктері Президенттің мәдениет жөніндегі кеңесшісі әрі UAEU университетінің канцлері (ректоры) жоғары мәртебелі Заки Нуссейбеһ (H.E. Zaki Nusseibeh) мырзадан құттықтау хат алды.

Хатында канцлер мырза UAEU қабырғасында өткен тағылымдама Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанттарына PhD докторлық жұмыстарын жазуына оң әсер етіп, пайдалы байланыс орнатқандарына және Араб Әмірліктері елінің мәдениетімен жақынырақ танысып, мәнді де мағыналы уақыт өткізгендеріне сенім білдіретінін жеткізген. Сондай-ақ, жоғары мәртебелі канцлер мырза тағылымдамадан өтуге келген интерн-докторанттардың әкелген шағын сыйлығына алғысын айтып, жеке кездесе алмағанына өкініш білдірді.

Дегенмен, қазақстандық докторанттар Әл-Айн қаласына жаңа келген кезде UAEU университетінің вице-канцлері, профессор Галиб Әлхадрами Әлбрейки (Ghaleb Alhadrami Albreiki) мырза оларды жылы шыраймен қабылдап, ашық-жарқын сұхбат құрды. Вице-канцлер мырза тағылымдамадан өтушілерге кез-келген мәселеде көмек көрсетуге даяр екенін айтты.

Сонымен қатар, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанттары тағылымдама кезінде көптеген ғалымдармен, зерттеушілермен және медиа мамандарымен кездесіп, әр-түрлі семинарлар, конференциялар мен шеберлік сағаттарына қатысты. Зерттеп жүрген тақырыптарына байланысты материалдар жинап, ғылыми еңбектерін толықтыруға мүмкіндік алды. Университет пен жатақхана кампусында өткен қызықты шараларға да белсене араласып, жергілікті және халықаралық жас ғалымдармен достық қарым-қатынас орнатты.

«Біріккен Араб Әмірліктерін екінші үйім деп айта аламын. Осындай әлемдегі ең толерантты қоғамның бірінде өмір сүру маған өте ұнайды. Біріккен Араб Әмірліктері университеті – Абу-Даби оазисінде орналасқан әлемдік деңгейдегі білім ордасы. Мен физика факультетінің докторанты ретінде елдегі ең үздік зертханада жасыл энергия саласын зерттеп жүрмін. Жаһандық деңгейде көңіл аударуға тұрарлық зерттеуші топтарымыз бар. Өмірімде осындай мүмкіндік берген БАӘ мен UAEU университетіне ең жақсы тілектерімді айтамын», – дейді осы университеттегі халықаралық студенттер клубының лидері Хаммад Муин Арби.

Айта кетсек, докторанттар тағылымдамаға Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен UAEU университеті арасындағы меморандум аясында, шетелдік ғылыми кеңесшісі профессор Бадрея Әлдженайби ханымның шақыртуы негізінде барды. Журналистика және саясаттану факультетінің докторанттары ғылыми тағылымдаманы жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін осы екі университет пен факультет басшылығына зор алғысын білдіріп, жаңа жылда еңбектеріне мол табыс тілейді.