ЕҰУ-студенттері үздіктер қатарында...

Жуырда Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР жоғары оқу орындары арасында 5В051400 – «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша «Креативті PR-маманы» тақырыбында пәндік олимпиада ұйымдастырылды.

Аталмыш олимпиадаға Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Журналистика және саясаттану факультеті, «қоғаммен байланыс» мамандығында оқитын студенттерден құралған топ та қатысып жақсы нәтиже көрсетті. Атап айтсақ, 3-ші курс студенттері Үмбет Темір-Ұлан Талапұлы, Балтабаева Сабина, Маханбетәлі Әділет және де 2-ші курстың үлгілі студенті Сержанова Саида Сержанқызы  әділқазылар алқасы тарапынан жоғары бағасын алды. Әділқазылар алқасы құрамында танымал тәжірибелі PR-мамандары мен  кәсіби журналистер болды.

Жалпы, олимпиада екі турдан тұрды. Бірінші турда «Қоғаммен байланыстың қазіргі технологиялары», «PR теориясы мен практикасы», «Қоғаммен байланысқа кіріспе» бойынша тест сұрақтары берілді. Екінші тур «Креативті PR-маманы» байқауы бұқаралық ақпарат құралдары салалары бойынша төмендегі номинациялар бойынша өткізілді. Олар: «Ең үздік жоба», «Ең үздік жарнама ролигі»,  «Ең үздік онлайн жазба», «Ең үздік халықаралық PR- маманы» номинациясы бойынша өтті.

     Мәселен, «Ең үздік жарнама ролигі» номинациясында команда құрамы PR мамандығы және өзі білім алатын оқу орны туралы жарнамалық материал дайындайды. Жарнама ролигі креативтілігімен, жаңашылдығымен, қызықтылығымен, жоғары техникалық сапасы және кәсібилігімен ерекшеленуі тиіс еді.

    Сонымен Бас жүлдені әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, ал екінші орынды Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің қоғаммен байланыс мамандығы иеленді.

   Жалпы ереже бойынша олимпиаданы ұйымдастырушы тарап Бас жүлде алуға құқығы жоқ.  Өйткені, талап сондай. Алайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті бірінші орынды өздерінде қалдырды. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Тек қана тест нәтижелері арқылы жалпы ұпай санын есептеу дұрыс емес деп ойлаймыз. Өйткені, тестті дайындаған да ұйымдастырушы тарап еді.  Осы себептерді ескере отырып, басшылық қандай да бір шара қолданады деп сенеміз...