Факультетте журналистердің біліктілігін арттыру онлайн апталық курсы өтті

Сәуірдің 26-30 жұлдызы аралығында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасындағы ынтымақтастық меморандумын жүзеге асыру мақсатында «Медиакеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» атты журналистердің біліктілігін арттыру онлайн курсы өтті. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы, университеттің 25 жылдық мерейтойы аясындағы апталық курсты Журналистика және саясаттану факультетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасы ұйымдастырды.

Медиа саласының мамандарын дайындайтын іргелі жоғары білім ордасы ретінде ауқымды шараны ұйымдастыруда межелі мақсатқа қол жеткізу көзделген. Солардың бірі – медианарықта салалық журналистерді дайындау. Айта кетейік, осы уақытқа дейін журналистика және саясаттану факультетінде спорт журналистикасы, халықаралық журналистика, цифрлық медиаменеджер білім беру бағдарламалары жүзеге асырылды. Алдағы уақытта да университетте салалық журналистика мәселелерін зерттеу мен оқыту мәселелері жалғасын таппақ.

26-30 сәуір аралығында жүргізілген курс «Конфессияаралық диалог – тұрақты даму кепілі», «Конфессияаралық мәселелерді заңнамалық тұрғыдан реттеу», «Діни журналистика: зерттеу әдістері және контент-талдау», «Әлемдік өркениеттер тоғысындағы діни толеранттылық, ортақ құндылықтар», «Ұлттық қауіпсіздік мәселелері: «Жусан» операциясы» атты бес модульге бөлінген. Әрбір модуль бойынша жетекші мамандар дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті. Курстың алғашқы күнінде ҚР Президентінің көмекшісі, қоғам қайраткері, терроризм мәселелері жөніндегі сарапшы Ерлан Тынымбайұлы Қарин ел қауіпсіздігі, түрлі радикалды ұйымдар жайлы жасалған зерттеу еңбектеріне, бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттың бұрмалануына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. «...2011-2012 жылдардағы террористік актілер орын алған кезде БАҚ-та біршама расталмаған, дәлелденбеген фактілер жарияланды. Мысалы, қылмыстық террористік актілердің негізі құқық қорғау орган қызметкерлері қарсы бағытталған деген тұжырымдар орын алды. Ал шын мәнінде, зерттеу барысында, террористік актілердің басты құрбандары құқық қорғау органы қызметкерлері емес, бейбіт азаматтар болып шықты. Олар дүкен қызметкерлері, такси жүргізушілері, сатушылар және тағы басқалар. Негізгі факті бұрмаланып, БАҚ-та бұл акциялар құқық қорғау органдарына қарсы деген тұжырым қалыптасты. Қате тұжырым болғаннан бір бөлек, бұл сол кездегі экстремистік топтардың мақсатына сәйкес олардың жүргізген ақпараттық саясатына сай тұжырымдама еді. Яғни, біз қарапайым адамдарға қауіп төндірмейміз, күресіміз мемлекетке қарсы бағытталған деген сияқты тұжырымдаманы қоғамдық санаға сіңірді. Солайша билік пен қоғам арасына жік салғылары келген болатын» - деді Ерлан Тынымбайұлы.

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Индира Ғалымқызы Бекишева да «Деструктивті діни ағымдардың зиянды әсері» тақырыбында бірқатар нақты ақпарат беріп өтті.

«Медиакеңістіктегі конфессияаралық диалог: ортақ құндылықтар мен тәжірибе» біліктілік арттыру курсының кезекті дәрісін М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының доценті, ф.ғ.к. Төрәлі Қыдыр «Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлі дін: ақпарат пен насихат» тақырыбындағы дәріс барысында Алтын Орда дәуірінде қалыптасқан ислам діні туралы мазмұнды баяндамамен жалғады.

Журналистер мен ЖОО профессор-оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курсының екінші модулінде «Конфессияаралық мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеу» бойынша «Мұнара» газетінің бас редакторы Серікбол Хасан, «Құқықтық медиа орталығы» қоғамдық қорының заңгері Гүлмира Біржанова мазмұнды дәрістерімен бөлісті.

Курстың үшінші күнінде дін тақырыбына контент-талдау жасалды. Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Өмірбайұлы «Алаш көсемсөзіндегі дін мәселесі» тақырыбында оқыған дәрісінде Ә.Бөкейханның, «Айқап» және «Қазақ» басылымдарындағы діни бағыттағы мақалалардың мазмұнына талдау жасады.

Павлодар облыстық www.mashab.kz сайтының Бас редакторы Амантай Тойшыбай діни терминдерді қолданудағы кейбір қателіктерге тоқталды. Бірнеше ақпараттық сайттарға мысал келтіре отырып, журналистерге кеңес берді.

Радиожурналистика тарихы мен тәжірибесін зерттеуші, діни журналистиканың қалыптасу, даму кезеңдерін зерттеген доцент Рахима Нұридин радиодағы діни хабарлар жайын сөз етті. Әлемдік радио тарихындағы діни хабарлардың берілуі, оның қоғамдық санаға ықпалы жайлы қызықты деректер келтірді.

Курсқа қатысушылар спикерлерге діни мәселеге қатысты маңызды сұрақтарымен қоса ұсыныс-пікірлерін де жеткізді. Атап айтар болсақ, діни бағыттағы радиохабар жүргізу, онлайн радио қызметін жүзеге асыру туралы ұсыныстар айтылды.

Курстың төртінші күнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінен дінтану ғылымы бойынша PhD, журналист Дәурен Дариябек «БАҚ-тағы діни келісім негізі және интолеранттылық» тақырыбында дәріс оқыды.

Сондай-ақ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының медиа мамандары, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Төрәлі Қыдыр, «Ашық позиция» қоғамдық қорының президенті, адам құқығы жөніндегі халықаралық сарапшы Дмитрий Кабак, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты сақтау жөніндегі Н.Назарбаев орталығы КеАҚ басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті оңалту жұмыстарын үйлестіру басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов және университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысып, тақырыпқа қатысты өз ойларымен бөлісті.

Бүгінгі таңда мемлекеттің дін саласындағы саясаты дінаралық келісімді сақтауды, діндердің үнқатысуына серпін беру және қоғамдағы өзара діни төзімділікті насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адамгершілік құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық үнқатысу алаңына айналуы – Елбасының жаһандық үнқатысуға бағытталған мемлекеттік саясатты тиімді жүргізудің нәтижесі. 

ҚР Президенті Қ-Ж.К. Тоқаев «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деген болатын. Сондықтан да құндылықтар маңызын көпшілікке жеткізетін журналистерге арналған курс елдің ақпараттық кеңістігінде оң нәтижесін береді деген сенімдеміз.

Zoom  платформасында өткен біліктілік артыру апталық курсында ақпарат саласының мамандары үшін өте қажетті кеңестер айтылды.

Курс соңында қатысушылар тарапынан мұндай игі бастаманы алда да жалғасты болуы сынды бірнеше ұсыныстар айтылды.