ГНОМДАР ҚАЛАСЫНДАҒЫ МАГИСРТАНТТАР СӘЛЕМІ

Бакалавриатта екінші курс оқып жүргенімде бір мақалада «Еуразия ұлттық университеті – тұлғалар тағылымы мен мүмкіндіктер мекені» деп жазғаным бар. Сол айтқаныма дәлелді талай таптым. Қолға диплом алғанша оқу процесінен бөлек, қаншама маңызды іс-шаралардың куәсі болдық, біразының басы-қасында жүрдік. Үйрендік, білдік. Білім жолы өз алдына, ақыл толыса келе ғылым деген терең түсініктің барын ұғып, магистратураға түстік. Университетіміз осы магистратурада өзінің мүмкіндіктердің Отаны екеніне тағы бір көзімізді жеткізіп, тобымызбен бұрын атын естіп қана білген Еуропадан бір-ақ шығарды. Польша мемлекетіне,  Вроцлав қаласындағы аттас университетке екі апталық тағылымдамаға келдік.  

Қалай өтіп жатыр? Алғашқы күні әдеттегідей қаламен, университет ғимаратымен таныстық. Кейін журналистика және әлеуметтік коммуникация факультетінінің ішкі асханасын көрдік. Бізді әсіресе, факультет радиосы қызықтырды. Польшаға белгілі, білікті радиомаман Лукаш Шмигель интернет дәуірінде елде радиожурналистика қалай аудиториясын сақтап, қандай бағытта дамып жатқанын тарқатып айтып берді. Жекеменшік радиостанциялары  көп Вроцлавта студенттердің практикалық сабақтары үшін мүмкіндік көп екен. Университет радиосының өзінде хабар дайындауға бар мүмкіндік жасалған. Салыстырдық. Бізбен деңгейлес.

Ал бір күніміз Вроцлав университетінің жергілікті студенттері мен Украинадан келіп оқып жатқан жастармен аралас сабақпен өтті. Әр тарап өз еліндегі журналистиканың жағдайымен таныстырды. Біздің тобымыздан Айгюзель Қадір қазақ телевизиясының даму динамикасы туралы презентация жасады. Мен Журналистика мәселелерін зерттеу институтының жұмысын айттым. Назым Қайрат пен Нұржан Көшкенов онлайн журналистиканың Қазақстандағы дамуын сөз етті. Қысқасы, бізде де ғылыми әлеует барда журналистика жасай беретінін дәлелдеп бердік.  Басқа күндер конференция, лекция, түрлі қызықты кездесулермен жалғасып жатыр.

Әрине, бөтен елге келгесін университетімен ғана емес, қаласымен, мәдениетімен, тарихымен танысқың келеді. Журналист болған соң  тіптен көп дүниеге назар аударасың. Сондықтан  осы жерге өз топтастарымның әлеуметтік желіде жазып үлгерген Польша  туралы, Вроцлав туралы посттарымен бөлісейін.

Назым Қайрат:

«Түрлі-түсті үйлер, тас көшелер, сабырлы тұрғындар, жаңбырлы ауа-райы, ескі қамалдар және сүйкімді гномдар.  Вроцлав дегенде енді ойыма бірден осы дүниелер оралатын шығар. Әсіресе, ертегідегідей зәулім қамалдары қалаға ерекше әсер береді. 18,19 ғасырда тұрғызылған көне ғимараттардың ішіне кірсең, заманауи ломбард, банк, ақша айырбастау пунктіне тап боласың. Ескі мен жаңа жақсы үйлесім тапқан.» 

Айжан Қасым:

«Вроцлавқа келген туристерді біріктіретін бір нәрсе бар: барлығы көше кезіп, гном іздеп кетеді. 1980 жылдары бұл қалада "Оранжевая алтьернатива" астыртын ұйымы жұмыс істеген. Олар өз наразылықтарын білдіру үшін түрлі суреттер салып, ергежейлілер шеруін ұйымдастырған. 2001 жылы бұл ұйымның құрметіне алғашқы ергежейлінің мүсіні орнатылды. Ал 2005 жылдан бастап, қала билігі "кішкентай тұрғындардың" санын көбейтті. Кейінірек жеке компаниялар, кәсіпорындар тапсырыс беріп, өз мамандықтарына сәйкес гномдарды жасата бастады. Мәселен, музыкант-гномды кезіктірсеңіз, сол маңда джаз-клуб бар. Банкир-гном банк алдында, оқымысты - университет түбінде, гурман - мейрамхана маңында, ал саңырау, зағип гномдар - кедергісіз қоғам құру қажеттігін еске салып тұрғандай. Бүгінде 400-ге жуық ергежейлі халықпен біте қайнасып, қаланың тыныс-тіршілігіне үлес қосып жатыр. Уақыт өте келе, ергежейлілер мүсіні - Вроцлавтың нағыз беткеұстарына айналды. Жыл сайын мыңдаған турист гномдарды санау үшін ағылып келеді. Гномдарды іздеу үшін арнайы карталар сатылыпквест-экскурсиялар ұйымдастырыладыӘр гномның тарихы туралы аңыздар пайда болдыЕстелік магниттер мен сувенирлер саудасы - бөлек әңгімеМен де осы ергежейлілер үшін Вроцлавқа тағы келетін шығармын

             Мен былай дедім:

«Польшаның ең ескі қалаларының бірі Вроцлавтамыз. Орталық сауда алаңын араладық. Екінші дүниежүзілік соғыста қаланың 80 пайызы қирап қалса да архитектурасы керемет. Ренессанс дәуіріндегі ғимараттың көбі бар, готтық стильдегі қамал, шіркеулер көз тартады. 300 жыл поляктардың, 200 жыл чехтардың, 200 жыл австриялықтардың, сосын немістердің иелігінде болып , кейін қайта Польшаның өзіне өткен шаһар тарихқа тұнып қалған ғой, несін айтасыз. Талай ғасыр көрген тар, тас көшелерімен жүре бергің келеді. Адамдары да асықпайды, уақыттары бізден көп сияқты.

Ескі қамалдың шаң басқан есігін ашсаң заманауи ресторанға кіресің. Талай жылғы түрменің темір терезесіне үңілсең Aplle компьюерін шұқылаған IT мамандарын көресің. Қанша ғасыр құламаған шіркеудің қараңғы кіреберісінен өтсең, О, Алла, Нотариус отырады. Соғыстан аман қалған тұрғын үйдің алдында «Ferrari» тұрады. Тар көшенің қорқынышты бұрышына байқамай барып қалсаң, қабырға толы суретке тап боласың. Әрқайсы өзінше сөйлейді.Қысқасы, ескі мен жаңаны әдемі ұштастыра білген бір сүйкімді қала. Тыныш. Тәртіпті. Таза.»

Польшаның Тыныш, тәртіпті, таза Вроцлав қаласынан Абай Сейфуллаұлы

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ 2 курс магистранты