Халықаралық студенттер күні өтті

«Шіркін, шіркін, қандай ғажап!

Студенттік жылдарым!

Таусылмайтын дастандар көп,

Жазылмаған жырларым...

 

Сен де сұлу, мен де сұлу,

Шақтар еді-ау, кешегі!

Студент кез – сағындырар

Жұмақ күндер деседі.

 

Студенттер, сарылып ой қуғандар,

Қарынды қанағатқа тойдырғандар.

Қара нанды достарымен қақ бөліп жеп,

Стипендия алған сайын той қылғандар».

 

17 қарашада Журналистика және саясаттану факультеті Халықаралық студенттер күнін дәстүрлі түрде атап өтті. 

«Жастықтың оты жалындап...» деп атаған концертте факультет деканы, профессор Қайрат Сақ: «Біз студенттік кезімізде тәуелсіздік үшін күрессек, сендер сол тәуелсіздіктің жемісін жеп жатырсыңдар. Сондықтан бұл кездерің – өмірдің ең бақытты, айшықты кезеңі. Сол бақытты бағалап, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына қызмет етулеріңе тілектеспін! Төл мерекелерің құтты болсын!» деген өзінің құттықтау сөзін арнады.

Баспасөз және баспа ісі кафедрасының аға оқытушысы Гүлжазира Ертасова ұйымдастырған салтанатты шарада әрі қарай ән айтылып, күй төгіліп, жыр оқылып, жұмбақ жасырылып, студенттеріміздің комедияға құрылған видеолары көрсетіліп, көкірек көзін ашар танымдық дүниелері мен көңіл көкжиегін кеңейтер көркем көріністер көпшілікке ұсынылды. Бітіруші курсымыз арман қуып келген 1 курсқа эстафета жолдады. Бәрі жарасымды өтті.

Сондай-ақ, Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, доцент Гүлмира Әшірбекованың айшықты шарада шәкірттерінің төл мерекесіне арнаған лебізін тыңдадық.

Ұстаздары мен оқу ғимаратын әбден сағынып, жанарларына жас үйірілген студенттеріміздің ұстаздарына арнаған алғаусыз алғыстарына құлақ түрдік.

Қысқасы, ұстаздарымыз бен барша білім алушыларымыз рухани нәр алған кеш болды. 2 сағатқа созылған кеш соңында «Өнерлі студент», «Белсенді студент», «Озат студент», «Алғыр студент», «Зерек студент» номинациялары бойынша студенттер деканның Алғыз хатымен марапатталды.