«Әлемдік PR: өзектілігі және келешегі» атты студент-жастардың халықаралық онлайн ғылыми конференциясы өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және саясаттану факультеті, Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының ұйымдастыруымен «Біз біргеміз!» акциясы аясында халықаралық студент-жастардың ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференциясы өтті.

Онлайн конференция «Әлемдік PR: өзектілігі және келешегі тақырыбына арналды. Шараны Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ф.ғ.д., профессор, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы құттықтау сөзбен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Конференцияны Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Серікзат Дүйсенғазы мен Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Бауыржан Иманғалиев жүргізіп отырды.

Пленарлық отырысқа Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметінің жетекшісі Берік Уәли, ҚР Парламент Сенаты төрағасының кеңесшісі Маржан Әбдірасылқызы, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан, Қазақстан баспасөз клубының Президенті, танымал PR маманы Асель Караулова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Жанжігіт Омархан, "ҚазАгро" ҰБХ баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев және басқа да мемлекеттік және ұлттық компаниялардың баспасөз хатшылары қатысып, қоғаммен байланыс мамандығының қыр-сырын түсіндіріп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

ZOOM платформасында онлайн түрде өткен халықаралық конференцияға алыс-жақын шетелден студенттер қатысты. Олардың қатарында Қырғыз-Түрік "Манас" университетінің студенті, Бішкек қаласынан тікелей қосылған Солтобек Болотбек: «Фейк: бұл не үшін керек?» деп ой бөліссе, М.Ф. Решетнев атындағы Сібір мемлекеттік Ғылым және технологиялар университетінің студенті, Ресейдің Красноярск қаласынан қатысқан Даниил Суходулов «Әлеуметтік желілердегі визуалды коммуникациялар театрлар қызметіндегі PR - құрал ретінде» тақырыбын тарқатты.

 

 

 

Қытайдың Бейжің Шет тілдер университеті орыс тілі мамандығының 1 курс студенті Ян Сюенань «Эпидемия түрлі саладағы қарым-қатынасты өршітеді» тақырыбына ой таластырды. Бұдан бөлек Максим Ермак, Астрахань университетінің магистранты «Опыт Астраханского государственного университета в применении PR-инструментов» тақырыбына баяндама жасаса, Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің студенті Назэрке Рахматиллақызы «Коммуникативная деятельность информационного радио в условиях кризиса» турасында әріптестерімен пікір бөлісті.

 

 

Онлайн ғылыми шараның ұйымдастырушы Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, ф.ғ.к, профессор Қайрат Сақ пленарлық отырыс барысында мұндай игі шаралардың студенттерге тәжірибе болса, қатысушы мамандарға әлеуетті жұмыс беруші ретінде пайдасы зор екенін жеткізді.

 

Расында, елімізде қоғаммен байланыс мамандарын даярлау жаңа мамандық ретінде кешірек қолға алынды. Соған қарамастан, отандық PR мамандары өз ұйымдарын жасақтап, болашақ мамандар үшін түрлі шеберлік сыныптары мен бәйгелер ұйымдастарылып жүргенін айтқан Асель Караулова дәстүрлі түрде мамырда өтетін дүбірлі PR шарасы күзге ысырылғанын хабарлады. Сонымен қатар тәжірибелі маман «Қазақстандық PR-нарығының негізгі трендтері мен сын-қатерлері» тақырыбына ой бөлісті.

Қоғамдық өмірдің барлық саласының медиалануы жағдайында қоғам дискурсы кәсіби PR өкілдерінің тікелей ықпалында екені күн өткен сайын дәлелденіп келеді. Олардың кәсібилігі мен жауапкершілігі қоғамның дұрыс дискурс алуына үлкен әсерін тигізеді. Сондықтан қоғаммен байланыс өкілдерінің қай деңгейде жұмыс жасайтынына қарамастан маман ретінде саналық, теориялық және тәжірибелік деңгейі өте жоғары болуы міндетті. Осы орайда Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджанов әлеуметтік желілердегі кері байланыстың маңыздылығына көп көңіл бөлу керектігін жеткізді. «Бастаған істі соңына жеткізу қасиеті сол саланың мамандарының имиджін қалыптастыруға ықпал етеді», - деді ол. «Мемлекеттік тілде ақпарат тарату жылдамдығын арттыру мақсатында қадамдар алгоритмін ұсынған» Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Жанжігіт Омархан өз альма-матеріне ыстық ықыласын білдіре кетті. Оның пікірінше, мемлекеттік мекемелердің ақпарат тарату тәсілдері дұрыс жолға қойылу керек. Өзі де журналист ретінде қызмет еткенін тілге тиек ете отырып, екі жақтың да өз-өзін жетілдіруге көбірек көңіл бөлу керегін жеткізді.

Ең қызықты тақырыптардың бірін ҚазАгро" ҰБХ баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев тарқатты. Ол медиада өз мекемеңіз туралы ақпаратты ақылы орналастырмай-ақ, жаңалық ретінде тегін жариялату жолдарын іздестіру қоғаммен байланыс өкілі үшін үлкен сын деп атап өтті. Қаржы төлеу арқылы кез келген маман мақаласын жариялай алады, ал өз-өзіңе мықты маман екеніңді оны тегін жариялату арқылы дәлелде, деді ол.

Ал «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ маркетинг және PR қызметінің басшысы әрі ЕҰУ-дың 1 курс магистранты Руслан Ескендір «Развитие PR в общественных и политических организациях в Казахстане» тақырыбына баяндама жасады.

Жалпы 2020 жылдың алғашқы күндерінен бастап әлемдік медианы «COVID-19», «пандемия» тақырыбы жаулап алды. Бұл тақырыптың отандық ақпараттық кеңістіктегі үлесі күннен күнге арта түсіп, қоғам назарын толықтай өзіне бұрып алды. Дағдарысты жағдайда әлемдік PR-дың өзектілігі осы сала мамандары үшін тың инструменттер іздеуге мәжбүрлеуде. Осы орайда өткен онлайн-конференция тәжірибелі мамандар мен болашақ ғалымдар, студенттері арасында ой жарыстыруға таптырмас алаң болды.

Пиаршының ең бірінші міндеті – журналистермен арадағы позитивті қарым-қатынасты барынша қолдау көрсету, ішкі және сыртқы ақпаратқа қанық болып, оны жариялауды оңтайлы басқара білуі, қоғамдағы коммуникациялық дағдарысты дер кезінде шешуі. Егер осы міндеттер жоғары дәрежеде атқарылса, өз кезегінде олардың форс-мажорлық жағдайларда ақпарат беру кезінде журналистермен немесе қоғаммен арадағы байланыс орнату, дағдарыссыз өтуіне септігін тигізеді. Бұл, әрине қоғаммен байланыс бөлімінің теориялық немесе функционалдық тұрғыдағы міндеті. Осы міндеттерді абыройлы атқару үшін студенттерге мұндай ғылыми шаралардың мән-мағынасы, ықпалы жоғары.

Пленарлық мәжіліс түстен кейін екі секцияға бөлініп жалғасын тапты. «Дағдарыс PR-ының бүгінгі таңдағы өзектілігі» секциясына ф.ғ.к., доцент Оңайгүл Тұржан (хатшысы, аға оқытушы Айгерім Мұрат) , «PR технологияның шығармашылық саладағы рөлі «өнер, әдебиет, спорт, музыка) секциясына ф.ғ.к. доцент Бауыржан Иманғалиев (хатшысы, аға оқытушы Айжан Пернебекқызы) жетекшілік етті. Конференция жұмысының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына аға оқытушылар Гүлназым Алғалиева, Әбдіқадыр Сабыр, Айжан Пернебекқызы, Айгерім Мұрат, Анель Шалкарбек және оқытушы Ардақ Мұтәрбек атсалысты.

«Әлемдік PR: өзектілігі және келешегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық онлайн-конференцияға қатысушылардың баяндамалары мен мақалалары жеке жинақ ретінде жарияланбақ.

 

Венера Түгелбай,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Телерадио және

қоғаммен байланыс кафедрасының магистранты