Бүгін сәуір айында басталған «Біріккен Ұлт жеңеді» халықаралық бейнероликтер байқауының қорытындысы жарияланды. Байқау Ұлы Абайдың 175 жылдығы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің туған күні Күлтегін апталығын атап насихаттау, Журналистика және саясаттану факультетінің құрылғанына 10 жыл толуына орай жарияланған еді. Байқаудың мақсаты – халықаралық деңгейде Қазақ Елінің жаңа дәуірдегі жетістіктерін насихаттау, жастардың болашаққа деген сенімдері мен көзқарастарын көрсету, отансүйгіштік сезімдерін күшейту болды.

Байқаудың шартына сәйкес қатысушылар Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған елдік мұраттар, бейбіт өмір мен келісім тақырыптарына арналған, Журналистика және саясаттану факультетінің жетістіктері туралы жұмыстарын ұсынды. Байқауға шетелдік жоғары оқу орындарының білім алушылары, және еліміздің басқа да жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары қатысты.

Университет проректоры Дихан Қамзабекұлы бекіткен, факультет деканы Қайрат Өмірбайұлының төрағалығымен құрылған байқау комиссиясы 20 жұмыстың ішінен ең үздіктерін таңдап, жеңімпаздарды анықтады. Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазыға және халықаралық байқау идеясының авторы филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Есенбековаға алғысын білдірді. Комиссия жұмысына қатысқан ЕҰУ-дің Кәсіподақ ұйымының төрағасы Мақсат Аралханов байқау жеңімпаздарына арнайы қаржылай сыйлықтар тағайындалғанын жеткізді. Комиссия мүшесі «Атырау-Ақпарат» холдингі директорының орынбасары Ысқақ Егембердиев пен ардагер телережиссер Күлнаш Әжібекқызы Қошанова сарапшылары Әбдіқадыр Сабыр, Айжан Пернебекқызы, Анель Шалқарбек, Ардақ Мұтәрбек те байқауға қатысқан жұмыстарды сараптап, өз пікірлерін білдірді.

Сонымен комиссияның шешімімен «Біріккен Ұлт жеңеді» халықаралық байқауының Бас жүлдесі Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің студенттері Л.Ешназарова, Б.Әшім және Ы.Сағадинованың «Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!» атты бірлескен жұмысына берілді. 1- дәрежелі дипломға лайықты деп әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Ш.Нұрбай, Н.Кеңесбай, Б.Құрманәлі мен Г.Мадиярдың «Білімді жастар – ел болашағы» атты топтық жұмыстары танылды. 2-дәрежелі дипломға «Біріккен Ұлт жеңеді!» атты бейнероликтің авторлары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Журналистика және саясаттану факультетінің магистранттары Ж.Рахым мен А.Мұратқызы, Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінен ұсынылған С.Имаммадыеваның «ВИК: едины силой, едины духом» атты жұмысы ие болды. Ал, 3-дәрежелі диплом Журналистика және саясаттану факультетінің студенті Бағдат Әшімнің «Абайды таны, жас ұрпақ...», магистранттар Айзере Орымбай, мен Арайлым Әбсағаттың «Ынтымақ пен бірлік іргелі істерге жетелейді», Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің студенттері Г.Қайназарова, Е.Танабаев, Д.Қатпышованың Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған бейнероликтеріне берілді.

Сондай-ақ, байқауға қатысушылар «Үздік идея», «Үздік режиссура», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік монтаж», «Күлтегін», «Абай», «Шерхан Мұртаза», «Камал Смайылов», «Марат Барманқұлов», «Рымғали Нұрғали», «Ақселеу Сейдімбек», «Мырзатай Серғалиев», «Бейсен Құранбек» атындағы арнайы аталымдар бойынша марапатталды.

Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық байқаудың мақсаты еліміздің жаңа дәуірдегі жетістіктерін, елдік мұраттар, бейбіт өмір мен келісімді насихаттауға арналуымен ерекшеленеді. Сонымен бірге, халықаралық деңгейде тарихи тұлғаларымыз бен бүгінгі қайраткер азаматтарының атында арнайы жүлделер тағайындау, жастар үшін өнегелік мазмұнға толы шешім болды.

Осындай халықаралық байқауды дәстүрлі түрде өткізу қажет екенін ұйымдастырушылар да, байқауға қатысушылар да бірауыздан қолдады.

2020 жылдың 29 мамырында ZOOM платформасында байқау жеңімпаздарын онлайн марапаттау өтеді.

 

 

Айжан Пернебекқызы

Телерадио және қоғаммен байланыс

кафедрасының аға оқытушысы