Сауытбек Абдрахмановтың 70 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында белгілі мемлекет қайраткері, қазақ баспасөзінің сақа менеджері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың 70 жылдық мерейтойына арналған өнегелі өмірі мен шығармашылық жетістіктеріне арналған «Мәдениет, білім, ғылым ықпалдастығы және қазіргі медиакоммуникация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, саяси ғылымдар докторы, профессор Қ.Е.Көшербаев, мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жолдасбеков, ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Б.Ж.Омаров, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А.Р.Оралов, Қазақстан халқы Ассамблеясының орынбасары М.А.Әзілханов, «Художественная литература» баспасының директоры, қоғам қайраткері Г.В.Пряхин (РФ), мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.С.Ізмұханбетов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор С.Н.Негимов, Халықаралық Түрік академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы, ҰҒА академигі Д.Қ.Қыдырәлі, тағы басқа ғалымдар мен университет профессор-оқытушылары және білім алушылары қатысты.

Шараның мақсаты – Сауытбек Абрахмановтың қайраткерлігін, қоғамдық-саяси қызметі мен еңбектерін кеңінен насихаттау, жастардың отаншылдық сезімін дамыту.

Конференция алдында сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов шараның маңыздылығына тоқталды. Содан кейін бүгінгі жиын Парламент мәжілісінің депутаты, қоғам қайраткері, қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың өмірі мен еңбек жолына арналатынынын жеткізе келіп, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа құттықтау сөз кезегін берді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы конференцияда Сауытбек Абдрахмановтың 70-ке дейін жүріп өткен жолын түгелге жуық ашты десек қателеспейміз. Партия саласында жұмыс істеген кезі, «Егемен Қазақстанды» басқарып тұрғандағы уағы, бәрі-бәрі, әдемі естеліктермен өрілді. Кез келген тақырыпта, орыс әдебиеті болсын, шетел мәселесі болсын, қазақ қоғамындағы проблемалар болсын, журналистика мәселелері болсын, төгілтіп, терең зерттеп, өзінің бағыт-бағдарымен ой салатындай дүниелер бергені, мықты ұйымдастырушы екені, ең бастысы, бүгінгі жасына үлкен абыроймен келгені дәлелді айтылды.

-Сауытбек Абдрахманов зерттеу саласында да көп жетістіктерге қол жеткізді. Пушкиннің шығармашылығын зерттеуге, әлем әдебиетіндегі көрнекті-көрнекті тұлғалардың еңбектерін зерттеуде орасан еңбек етті. «Егемен Қазақстан» газетін 20 жылға жуық басқарып, таралымын кеңітті. Ол өзінің еңбегіне қарай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да, екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ризашылығына ие болған тұлға. Деніне саулық, өміріне ұзақ шығармашылық тілеймін,- деді Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

Келесі сөз кезегін алған Мемлекет қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков ағынан ақтарылды:

-Мен білетін Сауытбек Абдрахманов – білімі қандай биік болса, кішіпейілдігі соншалық терең, айтса айта да алатын, жазса, жаза да алатын, өте білімді азамат. Маған оның сабырлы, байсалды қасиеттері ұнайды.

Біз бір кездері Орталық партия комитетінде бірге қызмет істедік. Мақтауға да, онымен мақтануға да тұратын азамат. Кеше ғана «Сауытбек, Сауытбек» деп жұмсап отыратын ініміздің бүгін жетпіске келгенін естіп, аң-таң болып отырмын. Мұндай азаматтар елге керек. Келген жасы құтты болсын. Ел-жұрты, отбасы аман болсын!-деді көрнекті ғалым.

ҚР Президентінің кеңесшісі, ҰҒА академигі Б.Омаров, Халықаралық Түрік академиясының президенті, «Егемен Қазақстан» АҚ басқарма төрағасы, ҰҒА академигі Д.Қыдырәлі, ҚР Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Ізмұханбетов, т.б. конференцияға қатысушылар өз баяндамаларымен мерейтой иесінің сан қырын ашты.

Сондай-ақ ақ тілектерін арқалап жеткен ағайындар Сауытбек Абдрахмановтың көз алдарында өскенін, Тәуелсіздіктің қарсаңынан бері бірге қызметтес болғанын, әсіресе оның руханият саласындағы еңбегі қоғамда өте жоғары бағаланғанын және өте білімді әрі білімі жан-жақты екенін кең-молынан айтып берді. Сосын өте тиянақты, тыңғылықты, не жұмыс жасаса да, асықпай, саспай, алды-артын түгел қамтып, дәлелдерін, дерек көздерін түгел анықтап, жеке шығармашылық қызметіне зор жауапкершілікпен қарайтындығын ерекше бағалады.

Конференция барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғылыми кеңесінің шешімімен Сауытбек Абдрахмановқа оқу орнының «Құрметті профессоры» атағы беріліп, «Елдік ерлігі» атты 5 томдық публицистикалық шығармаларының тұсаукесер рәсімі өткізілді.

Мерейтой иесі көпшілік алдындағы әңгімесін:

-Қазақстан халқының, Қазақстанның жалпы жұртының тарихындағы ерекше күн – 1 желтоқсан күні қарсаңында Елбасы негізін қалаған, Л.Н. Гумилев деп өзі атын берген, ұлттық деп мәртебесін өсірген университеттің Тұңғыш Президент аудиториясында 70 жасыма арналған «Мәдениет, білім, ғылым ықпалдастығы және қазіргі медиакоммуникация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтуі мен үшін қуаныш және сол үшін университет ректоры Ерлан Бәтташұлына рахмет айтамын, - деді.

Тұңғыш Президент аудиториясынан шығып бара жатып: «Міне, ғалымға, ғылымға, азаматқа құрмет деген осы!» деген тамсаныс сөзді де есітіп қалдық.

Иә, ЕҰУ-да өткен қай шара болмасын, дәл осындай әдемі әсерге бөлейді. Мұны біз ғана емес, өзге ЖОО-дан келген студенттер мен қала қонақтары да тамсана айтып жүр. Бұл Елбасы негізін қалаған ұлттық университет үшін үлкен мақтаныш әрі мерей. Ал бүгінгі шараға ерекше атсалысқан журналистика және саясаттану факультетіне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Халықаралық конференция түс қайта секциялық мәжіліске жалғасты.

 

 

Ақпарат үшін:

Сауытбек Абдрахманұлы Абдрахманов еңбек жолын 1975 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында әдебиет және өнер бөлімінің тілшісі болып бастаған. 1980 жылдан аталған басылымның кеңес құрылысы, 1983 жылдан партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі, редакциялық алқаның мүшесі болды.

1987-1990 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінде Насихат және үгіт бөлімінің нұсқаушысы, мәдениет секторының меңгерушісі, Президенттік кеңестің кеңесшісі қызметтерін атқарды. 1991 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне ауысып, 1995 жылға дейін Мәдениет және ұлтаралық қатынастар бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бірінші орынбасары болды.

1995-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 1997-2000 жылдарда – «Қазақстанның телевизиясы мен радиосы» республикалық корпорациясының бірінші вице-президенті. 2000-2016 жылдары «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті. 2003-2004 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі қызметін атқарды.

2016 жылғы 24 наурыз – 2021 жылғы 14 қаңтар – алтыншы шақырылымдағы, 2021 жылғы 15 қаңтардан бастап жетінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.

С.А. Абдрахманов – қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген кітаптардың авторы, олардың арасында «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума», «Перевод поэзии и поэзия перевода», «Тәуелсіздік шежіресі», «Адамзат күнтізбесі», «Вер бана атындағы Пушкинтану парақтары», «Коран и Пушкин», «Әдебиет әлемі», «Өнер өлкесі» кітаптары, «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қазақ поэзиясының қос томдық антологиясы, сондай-ақ журналистік іссапарлармен әлемнің елу сегіз мемлекетін аралаған қаламгердің шетелдік репортаждары жарияланған «Қашаған құрықтаған Қазақстан» жинағы бар. Бейбарыс Сұлтан туралы арабтың халықтық романын, В. Гюгоның «Аласталғандар» романын аударған.

«Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атақтары бар. І дәрежелі «Барыс» орденімен, «Парасат» орденімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен наградталған. Журналистика саласындағы Президент сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Пушкинистика саласындағы еңбегі Ресей Сөз өнері академиясының «Ревнители просвещения» медалімен аталып өткен. «Абыз Әбіш» еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.