ТҮРКІ КЕҢЕСІНІҢ МЕДИА ФОРУМЫ

Стамбул қаласында қазан айының 22-24 аралығында Түрк Кеңесінің медиа форумы өтті. Медиа форумға Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстаннан, Мажарстаннан 250-ден астам делегат қатысты. Бұл форумның негізгі идеясы бүкіл Түркі әлемінің бірігуінің маңыздылығына бағытталды. Ал ол үшін әлемдік деңгейдегі ақпараттық және коммуникациялық кеңістікте лайықты орын алуға бағытталған біріккен іс-қимылдар жасауға маңыз берілді. Түркия Президенті Реджеп Эрдоған осы медиа форумға қатысушыларға жолдаған видео құттықтауында жаңа дәуірдегі ақпараттық бәсекелестіктің ықпалына тоқталды және күллі Түркі әлемінің қуатты болуы – түркі елдері халықтарының рухы мен менталитетін сақтап қалуға бірлескен ақпараттық коммуникацияның өлшеусіз үлесіне маңыз берді. Меди форумның ашылуында бірінші болып сөз алған Түрк Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев ақпараттық қорғаныстың мықтылығы және ақпараттық шабуылдардың бетін қайтарып отыру – қазіргі заманның ақпараттық соғысында жеңімпаз болуға мүмкіндік беретін жағдай екендігіне тоқталды. Түркия Республикасы Президенті аппаратының Коммуникациялық  басқарма басшысы проф. Ф.Алтун Түркі Кеңесі әлемдік деңгейдегі маңызды платформаға айналғанына, мұның халықаралық ықпалдылығына  тоқтала келіп, қазіргі Батыс елдері Түркі мемлекеттерінің бірігіп кетуінен қатты сескеніп, мұны болдырмаудың алдын алудың түрлі амалдарын жасап жатқандығы туралы айтты, Түркі халықтары бірлігінің маңыздылығына жоғары баға берді. Осы форумда сөз алған Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президенті Э. Татар, ҚазҰУ профессоры Д.Ысқақ, Түркия ұлттық телеарнасының Бас директоры, проф. М.З.Собаджи, «QAZAQSTAN» РТРК» АҚ Басқарма басшысы Л.Танысбай, әлемге танымал қазақстандық режиссер А.Сатаев, түркиялық «Ер Тұғырыл» телесериалының авторы және продюссеры М.Боздаг, киноактер Э.Дюзятан және т.б. ақпарат және ұлттық өнер қазіргі коммуникацияның ең мықты құралына айналғандығына, оның  түркілік тұтастықты сақтауға ықпал ететін негізгі күш ретіндегі маңызына жоғары баға берді.

          Медиа форумға біздің университеттен Журналистика және саясаттану факультетінің деканы, проф. Қайрат Сақ, факультетіміздің студенттері Аминұлақызы Пакиза, Сұлтанова Әйгерім қатысты. Форум барысында факультет деканы Қайрат Сақ басқа елдерден келген ақпарат және коммуникация саласының танымал ғалымдарымен пікір алысып, ой бөлісіп, осы сала бойынша болашақта бірлесе атқаратын жұмыстар туралы кеңесті.

            Түркі Кеңесінің бұл медиа форумы күллі түркілік бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-коммуникациялық жаңа кезеңнің басталғанын көрсетті.    Медиа форум соңында қонақтар Түркия телесериалдары түсірілетін павильондарды аралап көрді.

 

Оңайгүл Тұржан