Танымал журналист Бибігүл Жексенбаймен онлайн кездесу өтті

Жақсы адаммен кездесіп әңгімелессең, көңілің жадырап кететіні бар емес пе? Бүгінгі күннің кешін сондай көңіл-күймен қарсы алдық.

Бибігүл Нұрғалиқызын "Хабар" арнасында жұмыс істегеннен бері білемін. Айтары бар, өзіндік позициясы айқын, білікті басшы. Қарапайым тілшіліктен телеарна басшылығына дейін көтеріліп, одан "Бас редакторлар клубының" президенті қызметін де абыроймен атқарып келеді. Журналистік қызметінде бірде алыс ауылдағы қарапайым еңбек адамының күйбең тіршілігін сөз етсе, енді бірде өзекті мәселені көтеріп, заңға өзгеріс енгізуге ықпал етіп, бірнеше президентпен сұхбат құрып, олардың өмір жолындағы қызықты деректерге қаныққан. Бибігүл Нұрғалиқызының журналистикадағы кейіпкерлер галереясы осындай тағылымы мол тағдырлар. 

Онлайн кездесуде Бибігүл Нұрғалиқызы студенттер қойған әрбір сұраққа ыждағатпен жауап берді. Zoom платформасындағы кездесуге Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен студенттер қатысты. 

Жастардың мықты журналист атану үшін қандай талаптарға сай болуымыз керек, мерзімді баспасөздің таралымы мен оқылымын қайтсек көбейтеміз, журналистиканың беделін қайтсек көтереміз деген сауалдары кездесу қонағының көңілінен шықты. 

Онлайн кездесуге журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қ.Ө.Сақ, баспасөз және баспа ісі кафедрасының профессорлары С.Е.Тапанова, М.Б.Шыңдалиева, аға оқытушы Б.Тоқтарбай, сондай-ақ магистранттар мен докторанттар, студенттер қатысты. 

Жастардың ыстық ықыласына бөленген Бибігүл Нұрғалиқызымен алдағы уақытта  бірлесіп атқаратын бірнеше жобаларға уағдаластық.

Танымал журналистермен онлайн кездесу әр апта сайын жалғасатынын ескертеміз.