Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының 2 курс студенттері «Хабар» телеарнасының арнайы жобалар продюсері Ысқақ Егембердиевпен кездесті

Кездесу барысында Ысқақ  мырза өзінің журналисттік жолы қалай басталғаны , журналист болу үшін нені ескеру қажет екенін  айтып, арнай жобаларды жасау өндірісімен таныстырды. Арнайы жоба - белгілі бір оқиғаға, тұлғаға, белгілі бір тақырыпқа арналып жасалған телеөнім. Арнайы жобаларға деректі фильмдерді, мерекелік жобаларды, мюзиклдерді жатқызуға болады. Продюсердің айтуынша, деректі фильм деп отырғанымыз – бір материалға бірнеше жанрды ұштастыра білуді қажет ететін туынды. Ондағы басты элемент – өзекті  тақырып және оны түсірудегі бағыты, идеясы. Бұл жерде журналистің креативтілігі маңызды рөл ойнайды.

Деректі фильмді түсіру үшін  журналиске, сонымен қатар, тапқырлық, оперативтілік және білім қажет. Деректі фильмде журналист - өзі редактор, өзі сценарист, кейде өзі жүргізуші болады. Деректі фильмге кіріскен журналист таңдаған тақырыбын өте жақсы білуі керек. Мәселен, тарихи тақырып болса, тарихшыдан кем білмеуі керек. Алдын ала жан-жақты зерттеуі керек. Қазіргі заманда көрермен талғымынан шығу өте қиын, сондықтан фильм алғашқы жиырма секундта өзіне баурап алуы керек. Әйтпесе, басқа арнаға ауысып кетуі бек мүмкін.

Ысқақ Егембердиевтің айтуынша, журналист- ақпарат тартушы,ой қозғаушы ғана, ал қорытынды жасап, түйінді көрермен өзі шығаруы керек. Қандай жағдайда да журналист бейтараптылығынан танбағаны дұрыс деп қорытындылады сөзін қонағымыз.
Бүгінгі кездесу қызық әрі пайдалы болды. Болашақ  мамандығымызға тағы да бір қадам жақындап қалғандай әсер алдық.


Сымбат Төлегенова
Журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс студенті