Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының магистранттары университеттен тыс тәжірибелік сабақ ұйымдастырды

10 қараша күні басталған Астана қаласында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған D10 WORLD атты көрмесі аясында 2-курс магистранттары Қаждар Іңкәр, Шынжырхан Сұлутай мен Мәдиярбеков Саламат бакалаврда оқитын 3-курс студенттеріне арнайы тәжірибелік сабақ өткізді. 

MEGA Silk Way сауда ойын-сауық орталығының екінші қабатында жалпы ауданы 400 шаршы метрден асатын аумақта авторлық фотожұмыстар, Денистің музыкасы және Олимпиада чемпионына тиесілі заттар бойынша жасалған мұзды әлем дүниеге келді. Сонымен қатар, көрмеде спортшыны атаулы іс-шараларда түсірген түрлі авторлық суреттер және әріптестері мен достарының бейне жобасы ұсынылды. 

 

Көрме «Денис Тен Қорының» бастамасы бойынша ұйымдастырылды. Қорды спортшының жақындары мен туыстары құрған. Қордың мақсаты - Денис Тен атындағы спорттық-білім беру бағдарламасын ұйымдастыра және дамыта отырып, Қазақстандағы мәнерлеп сырғанау өнерінің, әсіресе балалар мен жастар арасында дамуына сүбелі үлес қосу еді. 

 

Магистранттардың өткізген тәжірибелік сабақтың мақсаты 3 курс студенттерінде өз еліне, өз жеріне деген патриоттық сезімді ұялатып, отанның жұлдыздарына деген мақтаныш сезімді арттыру еді.  Тәжірибелік сабақ студенттер үшін рухани азық болды. Олардың қоғамдық өмірге араласып, бойларына сіңген өнерлерін дамытуға деген шабыттары ашыла бастады. Осындай көрмелердің қазіргі жастарға тиер пайдасы өте зор деп неге айтпасқа?!

 

2018 жылдың 19 шілдесінде болған, қайғылы оқиғаға айналған ең үздік спортшы Денис Теннің өмірден өтуі - Қазақстан үшін үлкен қасірет. Еліміздің сондай мақтаныштарын еске алып, көрмелер өткізіп, оларға қатысу – біз үшін өте үлкен міндет.