Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері, қазақтың санаулы иллюстраторларының бірі Аңсаған Мұстафамен кездесті

Бір ғана сурет – мыңдаған ой

Махаббаттың адам өміріндегі ең ыстық, ең асыл сезім екені, оның жүрегіміздің төрін алып жатқандығы жасырын емес. Лаулаған сезімнің ыстығына шыдай алмай күйіп қалып жатқан тағдырлар қаншама?.. Соның салдарынан ата-ананың қарауынсыз қалып, жақындарының «айналайын» деген сөзін ести алмай жүргендер жандар да бар. Отбасының отағасы болып қамқорлық көрсете алмай жүрген ер азаматтар да жоқ емес. Міне, осы және басқа да өзекті сұрақтарға суретші, иллюстратор, әлеуметтік желі арқылы миллиондаған жастың сана-сезіміне әсер етіп жүрген Аңсаған Мұстафамен кездесу кезінде Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенттері жауап іздеп көрді. Аға оқытушы Алма Сайлауқызының ұйымдастыруымен өткен кездесу тақырыбы «Медиапсихологиядағы ұлттық дүниетаным: заманауи иллюстрациялар арқылы қоғам мәселесін көтеру жолдары» деп аталды.

«Суретшіден бұрын журналист болғым келген...»

 «Алғашқы суретім  «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп аталады. Бұл суретке көбі таң қалып, ары қарай өз жұмысымды жалғастыруға күш пайда болды, суреттерді көбейте бастадым. 11 жасымда анам «Ақ босаға» газетін ашты. Журналист болғым келетін. Редакцияда өстім десем де болады. Сол кезде түрлі тағдырлардың куәсі болдым. Проблемаларды өз көзіммен көрген соң, көңілге түйгенім де мол болды. Редакцияға келетін түрлі хаттар мені әлеуметтік тақырыптарға бет бұрғызды». 

Адам тағдырына әсер еткен суреттер

 «Маған күніне көптеген адамдар хабарласады. Соның біразы алғысын білдіріп жатады. Сол қоңыраудардың бірі мені қатты таңғалдырды.                «Анам мені өлтіретін шығар» атты сурет арқылы бір жігіт үлкен қателіктің алдын алғанын айтты. Оның екі досы: қыз мен жігіт менің суретімді көрген соң, көздеріне жас алып, жастықпен қателік жасайын деп жатқанан  түсініп, сол жерде қайта қосылыпты. Кейін кішкентайларының суретін маған жіберіп алғыстарын айтты. Бұл оқиға арқылы менің суреттерімнің қоғамға қажет екендігін түсіндім. Оқырмандарым әлеуметтік желілерде өздерінің  идеяларын айтып жатады. Өзіме ой келгенде сөзі де, сурет те бірге туады. Ал біреу айтса, кейде шықпай қалып жатады. Кейде жақсы идеялар айтылса да, оларды жеткізу қиын болады. Дегенмен, оқырмандарым айтқан идея бойынша жақсы туынды шығып жатса міндетті түрде оқырманның идеясы екендігін жазып қоямын».

Алғашқы көрмем ЕҰУ-да өтті

«Басында  көрме ұйымдастырамын деген ой мүлде болмапты. Бір күні ойда жоқта құрбым көрме қашан деп сұрап қалды. Мен не айтарымды білмедім... Көрме өткізетін жер іздеп ұзақ жүрдім. Астана қаласындағы  сауда орталықтардың барлығына бардым. Келіспеді. Олар негатив керек емес деді. Ең алғашқы көрмем осында, яғни Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өтті. Мұндағы адамдарға алғысым шексіз. Тамаша жандар екен, бірден қолдады. Кейіннен басқа қалаларда да көрмелер ұйымдастыра бастадым. Алматыдағы метродан хабарласып, осы суреттерді қоюымды өтінді. Одан кейін Шымкентте, Теміртауда, Жамбылда, Талдықорғанда, Қызылордада, Атырауда да өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығы  кезінде де Еуразия Ұлттық университетінің 55 студенті футболкаларды киіп, флешмоб ұйымдастырды. Сол кезде екінші рет осы университетке риза болдым».

Кездесу соңында Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Индира Сәдібекқызы құрметті қонаққа естелік сыйлық тапсырды. Өз туындыларымен кей қоғам мүшелері елеп-ескере бермейтін ұлттық құндылықтардың, халықтық рухтың қайта жаңғырып, жаңаруына септігін тигізіп, қазақилықтың дархан жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан қазақтың қайсар қызының, ұлттық нақыштағы киім үлгілерімен де танылып жүрген кәсіпкердің, талантты суретшінің еңбегі мен жігері біздерге, жастарға зор үлгі болмақ.  Аңсаған Мұстафамен болған кездесуден осындай ой түйдік.

Назерке Тоқтаған,

3-курс студенті