Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері музыкалық продюсер Бақытгүл Төреxанмен кездесті

 

Тағылымды кездесу

         Жуырда "Телевизиядағы менеджмент және продюсерлік" пәнінің оқытушысы Алма Сайлауқызының ұйымдастыруымен, 3-курс студенттері үшін тағылымы мол кездесу өтті. Кездесуге 2001-2006 жылдар аралығында Еуразия Ұлттық Университетінің Халықаралық факультетінде тәлім алған, 2012-2014 жылдары журналистика мамандығы бойынша оқып, әлеуметтік ғылымдар магистрі атанған, он жылға жуық телевизия саласында еңбек етіп келе жатқан білікті музыкалық продюсер Бақытгүл Төреxан келді. Тәжірибелі маман қазіргі таңда "Хабар" арнасының музыкалық продюсері.

         Телевизиядағы музыкалық продюсердің міндеті мен мақсатынан бастап, жұмыс барысын жүйелеп, мысалмен баяндап берген Бақытгүл ханымнан бұрын-соңды естімеген кәсіби ақпараттар білдік. Концерттерді ақпараттық қолдаудан бастап, телевизиялық техникаға тапсырыстар беру, келісімшарт түйіткілдері мен дайын өнімді монтаждау кезеңдері туралы айтылды. Сонымен қатар көрермен көңілінен орын алған Ғаділбек Жанайдың "Керек екенсің", Нұрболат Абдулиннің "Вальс", Мөлдір Әуелбекованың "Туған ел", Төреғали Төреәлінің "Ай-xай, 25" сынды жанды дауыста өткен концерттердің телевизиялық нұсқасының музыкалық продюсері бізге көптеген жайттан хабар етті. Кездесуге қатысқан болашақ журналистер өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.

         Бақытгүл Төрехан өзінің қызмет жолы қалай басталғанын, музыкалық продюсер болу үшін нені ескеру қажет, қандай қасиет-қабілеттер керек екенін айтып, концерттік бағдарламалардың қалай түсірілетіні жайлы таныстырды. Қызығы мен шыжығы мол, қуанышы мен қиыншылығы қатар жүретін бұл қызметте керегі музыкалық білім, шығармашыл адам болу қажеттігін тілге тиек етті. Сондай-ақ, өз тәжірибесімен бөлісе отырып, бұл саланың жұмысы оңай емес екенін, қаншама еңбек пен дайындықтың, шапшаңдық пен тиянақтылық керек екенін атап өтті. «Бір ұжымның жасаған еңбегін халыққа жеткізуші шығармашылық ортаның өкілі болғандықтан, бұл мамандық халықтың алдында да, ұжымның алдында да үлкен жауапкершілікті талап етеді», деді білікті маман өз сөзінде.

         Екі сағатқа созылған бұл шеберлік сыныбының қалай тез өте шыққанын байқамай да қалдық. Айта кету керек, тәжірибелі мамандардың болашақ журналистермен жүздесіп, шеберлік сырларымен бөлісуі оқытушымыз Алма Сайлауқызының арқасында дәстүрге айналды. Ендеше, осы кездесу болашақ әріптестерімнің арасынан жоғары деңгейдегі музыкалық продюсер шығуына үлес қосты деп санаймын.

Айдана Әйтен

ЖжСФ-нің 3-курс студенті