Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының студенттері продюсер, журналист Арман Сқабылұлымен кездесті

Қазіргі таңда ұлттық арналарымыздағы қазақ телехикаясының саны күннен-күнге артып келеді. Осы бағытта Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының 3-курс студенттері «Жаным менің» сериалының бас продюсері, әрі идея авторы, танымал журналист, продюсер, қаламгер Арман Сқабылұлымен кездесті. Кездесуде «Тележурналистің шығармашылық шеберханасы» пәнінің оқытушысы Алма Сайлауқызы модератор болды. Аталған телехикая Арман ағамыздың студенттік күндерінде басынан кешкен қызықтарына, пәк махаббатына негізделіп, шынайы оқиғалар желісімен түсірілген. Студенттер көпшіліктің  көңілінен шыққан бұл сериал туралы көкейіндегі сұрақтарын ашық қойды. Арман ағаға деген сан сауалымызға төмендегідей жауаптар алдық.

«Жаным» сериалына әлеуметтік желідегі жазбаңыз түрткі болғаны рас па?

«Жаным» туралы алғашында Facebook  желісінде жәй ғана пост ретінде жазып жүрдім. Бірінші, екінші жазбадан кейін оқырмандар жалғасын сұрап, «шулап» кетті. Осылайша  халықтың қызығушылығы артқаны  маған шабыт беріп, күн сайын жалғасын жазып отырдым. Оны да тым ұзын-сонар етпей, тілін де барынша жатық етіп жеткізу – зор жауапкершілік. Содан кейін «Қазақстан» телеарнасының басшылығы тарапынан ұсыныс түсіп, сериал түсірдік.

Сериалдың қанша пайызы өмірден алынған шындық?

70-80 пайызы айна-қатесіз шындық деуге болар. Қазақ халқы өзі романтик халық қой, көбі бұл сериалдың соңын екі ғашықтың қосылуымен аяқталғанын қалады. Ал өмірде болған оқиғаның желісін біраз өзгертуге тура келді. Басты мақсатымыз – Арман мен Жанымның сезімін көрсету арқылы жастарды махаббатқа адал, кешірімді болуға шақыру. Бастапқы концепциясы 20 сериядан тұрған болатын. Сценарий бойынша Арман жалғыз қалып, ауруханадағы Кәмшат есімді оқырманы  артынан іздеп баратын еді, алайда бұл тұстары да ауыстырылды. Шын өмірдегі Арман мен Жанымның қазір өз отбасылары  бар, екеуі де бақытты ғұмыр кешуде. Ендігі кезекте көрерменнен сұраныс бар болғандықтан, жалғасын түсіреміз деген де ой бар. 

Бүгінгі киноға қандай баға берер едіңіз?

Көп адам теледидар көруден қалып барады. Интернет орнын басып барады, сериалдарда интрига аз. Дегенмен, қазіргі кинолардың, сериалдардың аяқ алысы жақсы. Алайда сценарий жазуда ең үлкен мәселе – көбісі алдымен орыс тілінде жазылады. Кейін тура сол қалпында, сөзбе-сөз қазақ тіліне аударылып жатады. Осыдан барып көп қателіктер кетеді. Елімізде жылына 40 сериал түсіріледі. Бұл аз емес. Сол үшін де сценаристерді де дайындайтын арнайы оқу, не болмаса пән қажет деп санаймын. Өйткені тіпті сериал мен көркем фильмнің сюжет ерекшелігі екі түрлі болып келеді.  Ал әлеуметтік желідегі келесі бір жазбаларыма арқау болған «Егіз жүрек» оқиғасы  махаббат тақырыбын  ғана емес шынайы тарихи оқиғаны да баян етеді. Қазақтың басынан өткен зобалаң тарихтың талай тағдырды тәлкекке түсіріп, қан жылатқанын ашып көрсетеді. Менің ойымша,  жастардың санасын жаңғыртар осындай тарихи оқиғаларды жаза беру керек. Сосын оны әдемілеп түсіру керек. Халыққа жеткізу керек. Өз тарихымызды өзіміз жазып, ұрпаққа аманат етіп  қалдыруымыз  қажет. Осыған байланысты президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында журналистер алып қалар мықты дүниелер бар дер едім.

Қандай кітап оқуға кеңіс бересіз?

Журналист көп оқуға міндетті.  Мен қазіргі жастарға том-том кітап оқуды айтпаймын, оны ешкім оқымайды да, қазір. Дегенмен, тіл көркемдігі мен жазу шеберлігін  үйренуде Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов және бүгінгі замандасым Құлтөлеу Мұқаштың туындыларын оқуға кеңес берер едім.

Бір жарым сағатқа өрбіп, журналистика мен кино тақырыбына арналған сұхбаттан студент жастар бейне бір кітап оқып бітіргендей сезіммен шықты. Алдыңғы буын журналистерімен осындай кездесулер жиірек ұйымдастырылса жақсы болар еді. Себебі, жақсымен өткен  жарты сағаттың өзі жаманның өтіп кеткен ғұмырына тең ғой. Үлкендердің салиқалы әңгімесін  тыңдау – әрбір жасты рухани байыта, ал  кәсіби біліктілігін арттыра  түсетіні анық. 

Дайындаған: Ғалия БАХЫТОВА

3-курс студенті