ҚАЗАҚ КІТАБЫНЫҢ ЖАНАШЫРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Қазан айының 27-інші жұлдызында ана тіліміз бен қазақ кітабының жанашыры - Қалу Сейітұлы Тоқтамұратов пен университетіміздің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының 2, 3-курс студенттері арасында қызықты кездесу өтті. Кездесуді ашып берген кафедра меңгерушісі Амангелді Шүрентаев қонақты таныстып, ары қарай сөз кезегін Қалу Сейітұлының өзіне берді.

Елімізде баспа ісі мамандарын даярлайтын екі білім ордасының бірі - Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Баспасөз және баспа ісі кафедрасымен бірнеше жылдан бері шығармашылық байланыс жасап келе жатқан Қ.Тоқтамұратов студенттермен кездесу үшін Орал қаласынан арнайы ұшып келген екен.

Кездесу барысында Қалу Сейітұлы өзінің кітап тарату және кітап саудасына қатысты ұзақ жылдық тәжірибесімен бөлісіп,  баспа ісі саласының ерекшеліктері мен қазіргі кездегі кемшіліктері жайлы сөз қозғады. Кітап саудасын дамытуға байланысты өз ойларымен бөлісіп, жастарға көптеген идеяларын ұсынды.

Құрметті қонақты мұқият тыңдаған студенттер де осы сала бойынша өздерін қызықтырып жүрген сауалдарын қойып, оған аға аузынан тұщымды жауап алды.

Қалу аға баспа ісінің болашақ мамандарына керемет кеңестер беріп, өзінің арнайы көтеріп ала келген сыйлықтарын тарту етті. Кездесуге қатысқан Баспасөз және баспа ісі кафедрасының оқытушылары М.Ештанаева мен Б.Тоқабаева қонаққа ризашылықтарын білдіріп, алғыс айтты.

Асқар Әнуарбеков,

БІ-23 тобының студенті.

      Суретті түсірген:

Мұхамеджан Ентай,

БІ-23 тобының студенті.