«Сұлтан Оразалы және қазақ көркем телевизиясының эстетикасы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті

Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдық мерейтойы аясында 2021 жылдың 30 сәуірінде мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ тележурналистикасының негізін қалаушылардың бірі, теледраматург, көрнекті қаламгер, тіл жанашыры Оразалы Сұлтан Шәріпұлының 80 жасқа толуына орай «Сұлтан Оразалы және қазақ көркем телевизиясының эстетикасы» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция өтті.

Тележурналистика корифейінің дәл туған күніне орайластырылған айтулы шара Сұлтан Оразалы дәрісханасында жоғары деңгейде аталып өтілді.

Журналистика және саясаттану факультеті ұйымдастырған конференцияны факультет деканы, профессор Қайрат Сақ тізгініндеді.

Конференция барысында Сұлтан Шәріпұлының атына ҚР Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласының Әкімі Алтай Көлгінов, сенатор Нұртөре Жүсіп және басқа да көптеген танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мен БАҚ басшыларының, қоғамдық ұйымдардың өзекжарды құттықтаулары келді.

Әлемдік пандемияға байланысты жартылай офлайн, жартылай онлайн форматта өткізілген конференция жұмысы барысында журналистік білім беру: бүгіні мен болашағы; БАҚ кадрларын даярлау мәселелері; электронды БАҚ-тағы ұлттық сананы жаңғыртудың өзекті мәселелері; тележурналистиканы оқытудағы жаңа коммуникативтік трендтер; заманауи медиакоммуника­ция дамуының үрдістері және инно­­ва­циялық технологиялар; БАҚ технологиялары мен тенденциялары; ақпараттық мәдениет: мәселелері мен болашағы сынды өзекті мәселелер талқыланады.

Сұлтан Оразалы 1986-1993 жылдары республикалық «Өнер» баспасын басқарды. Осы жылдарда баспа өнімдері көптеген шетелдерге таралып, өнер мен мәдениеттің сан-саласын қамтитын мыңға жуық басылым жарық көрді.

С.Оразалы 1993 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен жаңадан құрылған Қазақстан Министрлер кабинеті жанындағы Тіл комитетінің тұңғыш төрағасы болып тағайындалды. Ал 1995 жылдан ұлт саясаты жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының бірінші орынбасары, 1997 жылдың наурызынан Қазақстан Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің Тіл саясатын үйлестіру департаментінің директоры болды. Ол елімізде бірегей мемлекеттік тіл саясатын қалыптастыруға, қазақ тілінің мәртебесін көтеруге, «Тіл туралы» жаңа заңның әзірленіп, қабылдануына басшылық жасады. Оның ұйымдастыруымен республикамызда екі жүз елудей тіл басқармалары құрылып, жұмыс істеді.

1998 жылдың қаңтарынан С.Оразалы Қазақстан Республикасы Энергетика, өнеркәсіп және сауда министрлігінің Авторлық құқық жөніндегі агенттігінің директоры, ал 1999 жылдың сәуірінен Әділет министрлігінің Авторлық құқықтар жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ол 2001 жылдың соңынан 2005 жылдың қаңтарына дейін Әділет министрлігінің құқықтық-насихат, мемлекеттік тілді дамыту және жұртшылықпен байланыс департаментінің директоры болды

Сұлтан Шәріпұлы Оразалы – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің (1994-1998), Қазақстан халықтары Ассамблеясы кеңесінің (1994-1998), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі мемлекеттік комиссияның (1986-1998) мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып сайланды. Бес министрліктің алқа мүшесі болды. Қазақстанның ономастикалық, терминологиялық комиссияларының жұмысын басқаруға белсене қатысып (1993-2005), көптеген  нысандардың тарихи атауларының қалпына келуіне зор үлес қосты, сонымен қоса ол Қазақстан Республикасы Тіл комитетінің төрағасы кезінде қазақ азаматтарының аты-жөнін, тегін ұлттық үлгіге көшіруге және ол туралы заңның қабылдануына айрықша атсалысты. Ол ҚР Президенті жанындағы рақымшылық жасау комиссиясының (2015-2018) және «Қазақстан» РТРК Директорлар кеңесінің мүшесі (2008-2018) ретіндеде ел игілігіне аянбай еңбек сіңірді.

Жазушының халқы мен мемлекетіне сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Ол 2-3 дәрежелі «Барыс» (2012, 2018), «Парасат» (2006) ордендері және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20-25 жыл (2011, 2016), Қазақстан Конституциясына 20 жыл (2015), Астанаға 10, 20 жыл (2008, 2018) медальдарымен, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» (2001), «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1981) атақтарымен, сондай-ақ ҚР президентінің «Алтын Барыс» (2001), «ҚСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» (1981), «ҚСРО баспасөзінің үздігі» (1991), ҚР Әділет министрлігінің «Фемидаға адал қызметі үшін», ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Қазақ тілінің жанашыры», «Күлтегін» т.б. төсбелгілерімен марапатталды.

Ол – Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының (2006), Абай атындағы (1995 жыл) және Алаш (2015 жыл), халықаралық әдеби сыйлықтардың, журналистика саласындағы «Тұмар» (2017 жыл), «Нұр сұңқар» (2018 жыл) ұлттық сыйлықтарының лауреаты, бірнеше жоғарғы оқу орындарының, Халықаралық телевизия және радио академиясының (JATR Москва) академигі, Шығыс Қазақстан облысының Абай және Аягөз аудандарының құрметті азаматы.

С.Ш. Оразалы бұл күнде «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директоры.

Сексеннің сеңгіріне абырой арқалап жеткен Сұлтан Шәріпұлын мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, әулетіне амандық тілейміз!