Ұстаз болу - жүректің батырлығы

Қазанның 5-і күні білім ордамыздағы Журналистика және саясаттану факультетінде ұстаздар күніне орай «Ұстаз болу - жүректің батырлығы» атты  мерекелік кеш өтті. Шараны ұйымдастырушылар - жаңадан ашылған Медиаөнер БББ-ның 1-курс студенттері мен топ кураторлары - Журналистика және саясаттану факультеті Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доцент, филология ғылымдарының кандидаты Г.Ш. Әшірбекова мен осы кафедраның аға оқытушысы М.Ш.Ештанаева бірлесіп үлкен жұмыс атқарды. 

Шара барысында көрермен көңілінен шыққан ерекше нөмірлер – кеш шымылдығын ашқан мың бұрала билеген биші  қыздарымыздың ұлттық биі болса, А.Ербол, Д.Ибаделдинова, А.Түгел, М.Тоқтарованың   оқыған көңіл тебірентерлік өлең шумақтарыда ешкімді бей-жай қалдырмады.

Сонымен қатар, күміс көмей әншілеріміз: А.Белдеуханқызы, Ә.Жанатова, Ш.Асылханова, А.Амангелді, И.Алтынбекова, А.Әбжановалардың әндері құлақтан кіріп, бойды алды.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра» демекші, Э.Бейсенғалидың орындауындағы ұлттық аспабымыздың күмбірлеген дауысы да барганы тәнті етті.

Кеш соңында Медиаөнер Білім беру бағдарламасының барлық студенттері бірігіп, нағыз «бір үйдің балаларындай» екендігін көрсетіп, хормен  ән салып, сахна шымылдығымызды жапты. 

Айта кететін жайт, факультетімізде ұстаздар күні мұндай деңгейде атап өтілуі бірінші рет екен. Соған қарамастан, студенттер өз өнерлерін ортаға салып, мүдірмей, бар қиындықтарға қарамай, кешті бір демде өткізді.

Кешіміздің бас қонақтары-  факультетіміздің деканы, Алаштанушы ғалым, профессор Қ.Ө. Сақ пен Баспасөз және баспа ісі кафедрасының меңгерушісі, PhD философия докторы А.М.Шүрентаев студенттерге жылы лебіздерін білдіріп, жақсы көңіл-күй сыйлағандары үшін алғыстарын білдірді. 

Ұстаз-ұмытылмас тұлға. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, әлемнің барлығы дерлік ұстаздан білім алған. Ұстаз - білім мен тәлім-тәрбиенің қайнар көзі.

 Айгүл Тәңірберген,

Медиаөнер-13 тобының студенті