Аға шәкірт пен бала шәкірттің жүздесуі

Былтыр іргеден енген індет еркін еліктеп, ертеңгі мамандықтың көгіне кеңінен құлаш сермеуге мұрсат берген жоқ. Көп сабақ онлайн өтті. Ұстазбен бетпе-бет кездесіп, бертінгі белеске бірлесіп шығу ақ арманға айналғандай еді. Абырой болғанда, биыл қос өкпеден қысқан аты жаман ауру айылын жиды. Сүйікті университетімізге именбей кіріп, ұстазымыз ұсынған игі ілімге икемделе бастадық. Мамандықтың қыр-сырына қанықтыратын қалың лекция қалғыған қалпымыздан оятып, бойымызға қан жүгіртті. Табанды талап, тағылымы мол тапсырма. Ұстаздың ойын дөп басып, үдеден шығу үшін үздіксіз ізденіс керек. Сондықтан тынбай оқып, талмай талпынып жатырмыз. Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері Болатова Гүлжауһар жалықтыруды білмейді. Әр сабағы қызықты, мазмұны мен түрі жағынан алуан қырлы. Тәжірибелі ұстаздың үлгісі де ерек, ұлағаты да ұлан асыр. Теорияның тереңіне үңіліп, іргедегі Отырар кітапханасының табалдырығын тоздырып жүргенде, оқытушымыз тосын сый әзірлеп қойыпты. Журналистиканың қазанында қайнап, жаңалықтың қақ ортасында жүрген Оңалтай Қуандықпен жылы жүздесу ұйымдастырды. Келелі кездесуге ұйытқы болған ұстазымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Оңалтай ағамыз да осы өзіміз білім алып жатқан оқу ордасының  түлегі екен. Оның үстіне Гүлжауһар апайымыздың төл шәкірті болып шықты. Бүгінде «Хабар» агенттігіне қарасты «Хабар 24» телеарнасының бас редакторы бізді алғашқы әңгімеден-ақ аузына қаратты. Университет қабырғасынан алған теорияны тәжірибемен сәтті ұштастырып жүрген білікті маман мәтінді редакциялауға қатысты білгенімен бөлісті. Таңдаған мамандығымызға тағы бір табан жақындап, қиялымызға қанат біткендей болды. Телевизия жанымызды жадыратып, радио санамызды сиқырлап, баспа мен басылым сынды БАҚ әлеміне баурап әкетті. Сабағымыздың тақырыбына қатысты мәтінді өңдеудің құпиясына тереңірек бойладық. Екі сағаттық лекция бие сауым уақытта өте шықты. «Ұстазы мықтының, ұстанымы мықты» деген осы болар. Үйренгенімізден үйренеріміз әлі көп екенін ұқтық. Бізді мамандығымыздың бір белесіне жетелеу үшін саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген журналист-редактормен жүздестірген ұстазымыз Гүлжауһар Жамбылқызының тапқырлығына таңдандық. Айтпақшы, бұл кездесу университетіміздің 25 жылдығына орай, ұйымдастырылған екен. Ал тәжірибелі маманның кеңесін тыңдау БІ-21 тобына бұйырыпты. «Бұйырған кетпейді» деген осы. Ендеше бізге де біздің өкшемізді басатын келешек мамандардың алдында абыроймен ақыл-кеңес беру бақыты бұйырса екен деп тілеймін.          

                                                                                                   Жұлдыз Амантай

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті 

Журналистика және саясаттану факультетінің

2-курс студенті, «Көзқарас» клубының төрағасы