Факультетіміздің студенті «Үздік староста» байқауының жеңімпазы атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығы аясында білім ордасында күн санап көптеген іс-шаралар мен оқиғалар орын алуда. Сондай-ақ, профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушыларға арналған түрлі номинацияға негізделген конкурстар өтуде.

Солардың бірі - Академиялық мәселелер департаментінің карьера және бизнес әріптестік бөлімі факультеттер және старосталар Кеңесімен бірлесіп «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КЕАҚ-да 2-4 курс академиялық топтарының старосталарының қатысуымен «Үздік староста» байқауы өткізілді.

ІІ кезеңнен құралған байқаудың І кезеңінде факультеттің академиялық тобының Үздік старостасы іріктелсе, ІІ кезеңінде университеттің академиялық тобының Үздік старостасы таңдалды.

Онлайн форматта өткен ІІ кезең қатысушылары өздерінің және топ жетістіктері бойынша презентация көрсетіп, университеттің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында оның жетістіктерін көрсететін «ЕҰУ – ХХІ ғасырдың жоғары оқу орны» тақырыбында бейнесюжеттер ұсынып және тығырықтан шығу сұрақтарына жауап беру кезінде әртүрлі жағдайларда жедел ойлау және шешім қабылдау дағдыларын көрсетті.

Қорытынды кезеңді университеттің байқау комиссиясы бағалады. Байқау комиссиясының құрамында академиялық мәселелер департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай, қаржы департаменті директорының орынбасары Айдос Абдылманап, білім беру бағдарламаларын басқару бөлімінің бастығы Тұрсынзада Қуанғалиева, стратегиялық даму департаментінің аккредиттеу және рейтинг бөлімінің бас маманы Гүлжанар Абдықұлова, 7М03103 - «Психология» білім беру бағдарламасының 1 курс магистранты Ғазиза Әділбай болды.

Қатысушылардың бірдей дәрежеде белсенді қоғамдық-әлеуметтік ұстанымға ие екендігін, түрлі байқаулардың жүлдегерлерімен жеңімпаздары болып табылатынын, волонтерлік және қайырымдылық қызметке, бизнес жобаларға қатысатынын, салауатты өмір салтын ұстанатынын және ғылымға деген ұмтылыстарын назарға ала отырып, үздіктердің үздігін таңдау оңай болмады.

Комиссия шешімі бойынша ІІ кезеңнің, яғни «Үздік староста» байқауының жеңімпазы болып Журналистика және саясаттану факультетінің 2 курс (ҚЖ-21 тобы) студенті Абдельманова Камила атанды.

Байқауға қатысқан жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2021 жылы 18 мамырда өтеді.

Факультетіміздің мерейін үстем етіп, байқау ережелерін өте жоғары деңгейде орындап және бірнеше үміткердің арасынан суырылып топ жарып шыққан шәкіртіміз Абдельманова Камиланы жетістігімен құттықтап, зор денсаулық пен бағындырар биік белестер тілейміз!